Алматы облысы бойынша сегіз жүзден астам тұрғын үйлерінен мемлекеттік қызметті алды

Мемлекеттік қызметтерді үйде отырып І және ІІ топтағы мүгедектер, 70 жастан асқан қарттар, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектігі бар балалар ала алады. Ол үшін олардың өздері немесе қамқоршылары 1414 қысқа нөміріне қоңырау шалып, өтініш қалдыруы керек. Бұдан кейін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мамандары оларға хабарласып, үйлеріне барып мемлекеттік қызметті көрсету күні мен уақытын белгілейді.


Биылғы жылдың 5 айында Азаматтарға арналған үкіметтің филиалдары тұрғындардың үйіне барып, 800 астам мемлекеттік қызмет көрсетті.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы облысы бойынша филиал директоры Ермек Бекжунусовтың айтуынша, үй-үйге барып мемлекеттік қызмет көрсету – корпорация құрылған сәттен бастап пайда болған қызмет және осы күнге дейін ол өзектілігін жоғалтқан емес. «Азаматтардың үйлеріне барып көрсетілетін ең танымал қызметтер – паспорттар мен жеке куәліктерді беру, мүгедектерді сурдо-тифлотехникалық және міндетті гигиена құралдарымен қамтамасыз ету, мүгедектерді протездік-ортопедиялық көмекпен қамтамасыз ету үшін құжаттарын рәсімдеу», – деді Бекжунусов.
Мемлекеттік корпорация қызметкерлері коронавирус пандемиясын ескере отырып, қызмет көрсету барысында барлық қауіпсіздік шараларын сақтайды. Барлық маман маскалармен және антисептиктермен жабдықталған. Қызмет алушылармен байланысты азайту үшін ХҚО мамандары дәлізден ары өтпей, әлеуметтік қашықтықты сақтайды.
Айта кету керек, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мүгедектерге мемлекеттік қызмет көрсету жұмысына көп көңіл бөледі. Азаматтардың үйлеріне барып мемлекеттік қызмет көрсетумен қатар, ХҚО мамандары есту және сөйлеу қабілеті нашар адамдарға мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін ым-ишара тілін меңгерген.
Сондай-ақ, мүгедектігі бар 68 азамат Алматы облысы бойынша филиалында түрлі лауазымдарда жұмыс істейді.

Мәліметпен бөлісу: