Жолдау: «Таза Қазақстан» жобасы елдің жасыл болашағына жол ашады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында экология мәселесіне ерекше тоқталды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
– Қоршаған ортаға жанашыр болу, оған үлкен жауапкершілікпен және шынайы қамқорлықпен қарау ұлттық идеологияның өзегі болуы керек. Былтырдан бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр, бұл баршаңызға аян. Осы жұмысқа миллиондаған азаматымыз атсалысуда. Жұрт болып жұмылудың арқасында 860 мың гектардан астам аумақ тазаланды, төрт миллионнан астам ағаш отырғызылды. Осындай белсенді жұмысты жалғастыра берсек, аңсаған арманымызға жетіп, Қазақстан нағыз жасыл ел болмақ. Бұл келешек ұрпаққа керемет үлгі-өнеге әрі өсиет болып қалады, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, бұл бастама ел ішінде жаппай қолдау тауып, жасампаз құндылықтардың жарқын көрінісіне айналды.
– Халқымыздың игі істерге деген ұмтылысы қуантады. Осы жұмысқа атсалысып жүрген азаматтарға, әсіресе жастарға ризашылығымды білдіремін. Тазалық мәдениетін қоғамда терең орнықтыру – өте маңызды міндет. Осы бағытта Үкімет экологиялық ағарту ісінің бірыңғай үлгісін енгізуі тиіс. Бұл жұмыс мектептен бастап жоғары оқу орындарына дейін барлық білім мекемелерін қамтуы қажет, – деді Тоқаев.

Мәліметпен бөлісу: