Жолдауға қолдау

Мемлекетіміздің Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған әр жолдауынан халық жақсы жаңалық күтетіні белгілі. Биылғы жылғы 5 қазан күнгі «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы халықтың әл-ауқатын арттыруды басты назарға алып, барлық сала бойынша алдағы міндеттер мен мақсаттарды айқындап берді. Тәуелсіздік алғаннан бергі  жылдарда  еліміздің қол жеткізген жетістігі орасан зор. Алайда, үздіксіз әрі қарқынды дамып жатқан қоғам талаптары алдымызға  жаңа міндеттер жүктейтіні даусыз. Сондықтан да  Елбасы әр қазақстандықтың әл-ауқатын өсірудің негізгі басымдық екенін баса айтып, халық табысының өсуі, тұрмыс сапасын арттыру, өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру, азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат құру, әрбір қазақстандықтың еліміздегі өзгерістер үдерістеріне атсалысу сынды күрделі мәселелердің шешу жолдарын көрсетіп берді. Ең төменгі жалақының 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсуі, «Бизнестің жол картасын» 2025 жылға дейін ұзарту және бизнесті дамытуға қолдау көрсету, ауылшаруашылығы өнімінің экспортын 2,5 есеге көбейту, тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыру мақсатында

«7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыру сынды мәселелер жұртшылықтың  көңілінен шығып, болашаққа деген сенімдерін нығайта түсті. Әсіресе, білім саласы қызметкерлері үшін ерекше жаңалық «Педагог мәртебесі туралы» заңды қабылдау болып отыр. Мұғалімдердің мәртебесі туралы мәселе үздіксіз көтеріліп жүргені бәрімізге белгілі. Сонымен қатар мұғалімдердің жүктемелерін азайтып, басы артық, міндеттен тыс функциялар мен жөнсіз тексерістерді жоюды, жоғарғы оқу орнын бітірген студенттердің жұмысқа орналасуын және жоғары жалақылы жұмыспен қамтылуын қадағалауды тапсыруы –білім саласы қызметкерлері мен жастарға деген үлкен қолдау. Елбасы мектепке дейінгі білім беру сапасын түбейгелі жақсатуды назарға алып, «Жол картасын» әзірлеуді тапсырып отыр. Болашақта 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды тапсыруы-дене шынықтырудың қолжетімділігінің кепілі болмақ. Бізге дені сау ұрпақ  керек. Сондықтан да азық-түлік сапасына, дәрі-дәрмекке, ауыз суға, тауарларға медициналық қызмет көрсетуге сараптама жүргізуді тапсырып отыр.  Бүгінгі таңда бұл да аса өзекті мәселелердің бірі екені рас. Мемлекеттік аппараттың халықтың сұранысына бейімделіп жаңа стильде жұмыс істеуі, барлық реформалардың жүзеге асырылуын қадағалау, сыбайлас жемқорлықпен күресті жалғастыру өз нәтижесін беретініне сеніміміз зор.

Н.Ә.Назарбаев атап көрсеткендей, осы мәселелерді шешуде бәріміздің бір адамдай еліміздегі өзгерістерге өз үлесімізді қосуымыз маңызды. Алдымызда жауапты істер тұр: келесі жылдың «Жастар жылы» деп жариялануы, «Өз жеріңді танып біл» бастамасы аясынды мектеп туризмін дамыту, «Ауыл-Ел бесігі» жобасын жүзеге асыру, «Сарбаз» балалар-жасөспірімдер бірлестігін құру арқылы мектептерде әскери-патриоттық тәрбиені күшейту. Бұл істер бәрімізден үлкен жауапкершілікті және жүйелі жұмыс жүргізуді талап етеді. Сондықтан да Елбасының кезекті Жолдауына қолдау көрсете отырып, мемлекетімізді өркендетуге ат салысайық дегем келеді.

 

                                                                Ибраимова Рахат Нығметбекқызы

                                                                «Е.Сиқымов атындағы орта мектебі

                                                                мектеп жанындағы интернатымен»

                                                                КММ-нің директоры, облыстық

                                                                мәслихат депутаты, «Шоңай батыр»

                                                                БПҰ-ның төрайымы.

Мәліметпен бөлісу: