Жол қауіпсіздігі – әрбір азаматтың ортақ міндеті

Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекет пен қоғамның маңызды міндеттерінің бірі. Жолдағы тәртіптің сақталуы әрбір жүргізуші мен жаяу жүргіншінің жауапкершілігіне тікелей байланысты.

Аудан прокуратурасы азаматтардың назарына жол қозғалысы саласындағы заң талаптарын қатаң сақтау қажеттігін жеткізеді.

Әрбір көлік иесі көлік құралын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес міндетті мемлекеттік тіркеуден өткізуге, жол жүрісі қағидаларын мүлтіксіз сақтауға және көлік құралын тек жүргізуші куәлігі мен тиісті санаттағы жүргізу құқығы болған жағдайда ғана басқаруға міндетті.

Масаң күйде көлік құралын басқару – жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіретін өрескел құқық бұзушылықтардың бірі. Мұндай әрекеттер заңнамаға сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.

Мотоциклдер, мопедтер және өзге де екі дөңгелекті көлік құралдарын басқару кезінде түймеленген қорғаныш шлемін пайдалану, сондай-ақ көлік құралдарына жарық шағылыстыратын элементтерді орнату жолдағы қауіпсіздікті арттыруға ықпал етеді.

Сонымен қатар, көлік құралын кәмелетке толмағандарға немесе оны басқаруға құқығы жоқ тұлғаларға беруге жол берілмейді. Мұндай әрекеттердің соңы жол-көлік оқиғаларына әкеліп, адамның өмірі мен денсаулығына орны толмас зиян келтіруі мүмкін.

Жол қозғалысы қауіпсіздігі – заң талаптарын сақтау ғана емес, өз өміріңізге және айналаңыздағы адамдардың қауіпсіздігіне деген жауапкершілік. Жолдағы тәртіп – адам өмірінің кепілі.

Аудан прокуратурасы барлық тұрғындарды заң талаптарын мүлтіксіз сақтауға, жол қозғалысына жауапкершілікпен қарауға және қауіпсіз қоғам қалыптастыруға өз үлестерін қосуға шақырады!

Ақсу ауданының прокуратурасы

Мәліметпен бөлісу: