“Жетісудың Сарасы – бар қазақтың дарасы”

Киелі Ақсу жерінде Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласы аясында ұйымдастырылған, айтыс өнерінің қайталанбас шебері, сөз майталманы, Ақсуда дүниеге келіп, ақындығымен дараланып тарих бетінен өзіндік орын алған жерлесіміз, ақын Сара Тастанбекқызының 165 жылдығына орай өткізілген Республикалық ақындар айтысы өз мәресіне жетті.

Аламан бәйгеде бақ сынауға әр облыстың белгілі 10 айтыскер ақыны бас қосты. Айтыстың ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Әділбек Далбағаев “Бүгін Төл өнерімізді дәріптеуге, сөз мәдениетін өз мәнерінде жеткізуге үлес қосып жүрген Елімізге танымал бір топ ақындарымыз киелі Ақсу жерінде бас қосып отыр. Ақын апамыздың туған жерінде Сара Тастанбекқызының 165 жылдық мерейтойында айтыс аламанында бақ сынап, додаға түсу үлкен өнер деп есептеймін. Бұл шараның аудандағы “Ақын Сара атындағы Мәдениет Үйінде” ұйымдастырылуы да, Сара апамызға көрсетілген ерекше құрмет деп білеміз. Ақын Сара Тастанбекқызының 165 жылдық мерейтойымен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! ” деп жиылған көпшілік қауымды мерейтой жиынымен құттықтады. Бұдан өзге, мінберде сөз алған Сара апамыздың ұрпағы, шөбересі Тұрысбеков Данел Қайратұлы, “Бүгін Ақсу жерінде айтыс өтер!
165 жылдығын атап кетер!
Елбасымыз Руxани жаңғыру деп,
Әдет-ғұрып, салт-дәстүрге көңіл бөлер!
Бүгінгі ұрпақ кешегіге рақым айтсын!
Көк байрағы қазағымның биік тұрсын!
Ақын Сара секілді еш мойымай,
Ертеңіне әр қашан сеніп жүрсін! ” деп арнау өлең оқыды.

 

Салтанатты ашылуда Біржан мен Сараның операсы және Біржан мен Сара айтысынан үзінді қойылды. Қойылымды танымал ҚР Еңбек сіңірген әртісі Сағат Жылгелдиев және ҚР Мәдениет қайраткері Гүлмайдан Сүндетова орындап, көпшілікті тәнті етті. Айтыс аламанында сөз жарыстырған 10 ақынның 3 жұбы финалдық іріктеуден өтті. Атақты ақын қыз Сара Тастанбекқызының мерейтойына арналған айтыстың бас жүлдесі Жандарбек Бұлғақовқа бұйырды. Бас жүлдеге 1500 000 тг табыс етілді. Жүлделі 1 орынды – Сара Тоқтамысқызы, 2 орын Балғынбек Имашев және 3 орынды Мұрадым Мирланов Батыс Қазақстан облысы және Алматы қаласынан Сырым Әуезхан алды. Қалған айтыскерлер арнайы жүлдемен марапатталды.

Ақсу ауданы әкімдігінің атынан арнайы сыйлық финалдық іріктеуге өткен Алматы облысының ақыны Жалғас Садырұлына табыс етілді. Барлық қатысқан айтыскер ақындар әлеуметтік мәселені көтеріп, біршама ойды қозғады. Акын Айнұр Тұрсынбаева “киелі Ақсу жері мақтауға тұрарлық жер. Астананы Ақсудан салсада жарасады” деп мақтанышпен Ақсуға деген ыстық лебізін білдірді. Қазақтың айтысы дами берсін! Құтты болсын!

 

Мәліметпен бөлісу: