Жетісудың Сарасы – бар қазақтың дарасы

    Киелі Жетісу жері көркем табиғатқа ғана емес, сонымен қатар небір өнерпаздар мен игі жақсыларды дүниеге әкелген киелі өлке. Солардың бірі күллі қазақ халқына танымал, қазақ айтыс өнерінің шоқ жұлдызы – Сара Тастанбекқызы. Өзінің ақындық, әншілік өнерінің арқасында өз ортасынан суырылып шыққан дарынды ақын он бесінде «Ақын Сара» деген атқа ие болады. Бүгінде бізге жеткен 11 өлеңі, 5 айтысы, 1 әні, 1 дастаны ұрпаққа мол мұра болып қалды. Ақынның шығармалары өзінің басынан кешкен өмір шындығы негізінде жазылған. Жастайынан жетімдік пен жоқшылықты,  тағдыр тауқіметін тарта жүріп, өнерін үстем қыла білген Сара ақындар арасынан дара шықты. Сараның батыл, өжет, дара ақын болып қалыптасуына себеп болған өз өнері десек, екінші жағынан оның өскен ортасының да әсері болғаны белгілі. Өйткені, Сараға ұстаздық үлгі көрсеткен Толғанбай Мырзағұлұлы, Арсалаң ақын, Бекетбай Жырау, Тайкөт ақындар десек, ал Бақтыбай Жолбарысұлы, Әсет Наймабаев сынды ақындармен кездесіп айтыс өнеріне жаттығады. Айтыс өнері XVIII ғасырларда қазақ даласына кеңінен тарады. Осы дәуірде өмір сүрген атақты ақындар: Шөже, Балта, Орынбай, Кемпірбай, Тезекбай, Сүйінбай, Жамбыл, Түбек, Омарқұл, Тәбия, Мұрат, Сүгір, Жаскілең, Бала Омар, Біржан ақындармен бірге Сара ақынның есімі аталып, қазақ ауыз әдебиетінде ерекше орын алады. Аузы дуалы, сөзге шешен Тәсібек, Ермек, Құдайберген, Төребай, Біржан сал сынды жүйрік ақындармен айтысқан. Сара өзінің басынан кешкен оқиғаларын, мұң-шерін поэзия тілімен көркем жеткізе білген батыл ақын. Сараның өлеңдері: сөздің жүйелі орналасуымен, айтар ойдың нақтылығымен, жүйелі құрылымдылығымен, көркемділігімен ерекшеленеді. Сараның өнеріне қазақтың ойшыл ақыны Абай хәкім де «Қисынымен қызықты», «Бөтен сөзге былғанбаған», «Тілге жеңіл жүрекке жылы тиетін, және көркем ағысымен сырлы, мағынасымен жақсы» деп, өз бағасын берген.

Сара  –  айтыс өнерінің саф жұлдызы, қазақ халқының дара ақыны ретінде ұрпақтан ұрпақтың жадында мәңгі сақталары анық. Оның даралығы: ғұмырында қиындық, жоқшылық, тағдыр-тауқіметін басынан өткерсе де еш мойымай, өнерді жоғары ұстап, айтар ойын өрілген өлеңмен әдемі жеткізе білген, әйел затының ішінен шыққан дара ақын.

Қалқаман Абдрахманұлы

Ақын Сараның мемориалды музейінің қызметкері

Мәліметпен бөлісу: