Жетісудың маңызды күрежолдарындағы құрылыс жұмыстары келесі жылы толық аяқталады

Жетісудағы облыстық маңызы бар жолдар мен республикалық күрежолдар учаскелеріндегі құрылыс жұмыстары келесі жылы толығымен бітеді. Бұл туралы Панфилов ауданына жұмыс сапарымен барып, орташа жөндеуі аяқталған «Жаркент – Қорғас» бағытындағы жолдың сапасымен танысқан облыс әкімі Бейбіт Исабаев айтты, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Аудан халқымен кездесуге барған Б. Исабаев іссапарын алдымен «Жаркент – Қорғас» автожолын қараудан бастады. Учаскедегі құрылыс жұмыстарының барысы туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Жетісу облыстық филиалының басшысы Нұрхат Ақылтаев баяндап берді. Жалпы бұл жолдың 32 шақырымына құрылыс жұмыстары биылғы жылдың маусым айында басталған. Бүгінгі күні екі қабат асфальтобетон жабыны төселіп, жол қозғалысы ашылған. Қазір Жаркент пен Қорғас арасындағы елді мекендердің жол бойын абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Атап айтқанда, Қорғас ауылына тротуар салынып, Ақкент пен Ават ауылдарының арасына ұзындығы 1300 м. тротуар төселуде. Сол сияқты Қырыққұдық, Алтыүй, Ақкент, Ават елді мекендерінде сыртқы жарықтандыру тіректері мен 16 жаяу жүргіншілер өткелдерінде жарықтандыру жүйесін орнату жұмыстары аяқталуға жақын.

Осы орайда журналистерге сұхбат берген облыс әкімі Бейбіт Исабаев  өңірде жол инфрақұрылымын жақсарту, соның ішінде көлік легі үлкен күрежолдардың құрылысына қатысты кеңінен айтып берді: 

— Қорғастан Жаркентке дейінгі 32 км жолдың жөндеу жұмыстары осы жылдың қыркүйек айында біткен, абаттандыруы аяқталған соң жылдың аяғына дейін толық өткізіліп беріледі. Өткен жылғы халықпен кездесуімде тұрғындар тротуар салып беру туралы өтініш айтқан, соған байланысты екі аралықта жол бойындағы елді мекендерге тротуар салып, жарықтандыруы қоса жүргізілуде. Бұдан бөлек, былтыр Жаркент пен Көкталға дейінгі жолды екі қабат асфальтпен, Алтынемел асуындағы 23 км жолды үш қабатпен қолданысқа бердік, абаттандыруы биыл бітеді. Оған қоса Алтынемел асуынан Қоңырөлең ауылына дейінгі жолға орташа жөндеу жасалды. Биыл Жаркенттен бетон жолға дейінгі 15 км учаскенің құрылысын бастадық. Ары кеткенде келесі жылдың ерте көктемінде аяқтап, пайдалануға береміз. Ендігі қалып отырғаны – Қоңырөлеңнен Көкталға дейінгі 68 км жол, ұзындығы 7 км Сарыөзек айналма жолы. Осы жобалардың барлығын келесі жылдың аяғына дейін бітіруді жоспарлап отырмыз. Біздің негізгі мақсатымыз — 2025 жылдың аяғында облыс көлемінде Талдықорғаннан Ақшиге және Достыққа дейін, Талдықорғаннан Балқаш көліне дейін және Қорғастан Сарыөзекке дейінгі жолдың жөндеуін бітіру. Сол жоспар бойынша алға қойған мақсаттарымыздың бәрін жүзеге асырамыз. Қазірге бұл жұмыстардың 70 пайыздайы бітті. Қорыта айтқанда, облысымыздағы республикалық, облыстық маңызы бар күрежолдардың барлығының құрылысын келесі жылы күзде аяқтаймыз, — деді Б. Исабаев.

Атап өтсек, жалпы облыстағы автомобиль жолдарының ұзындығы 3 988 шақырым. Биылғы жылдың басынан бері 39,2 млрд. теңге бөлініп, облыстық деңгейдегі 193 шақырым және 54 елді мекеннің ішкі жолдары жөнделді. Жылдың соңына дейін облыстағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 94%-ға жетеді.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотосуреттер авторлары: Жеңіс Ысқабай, Қайрат Қазтұрғанов

Мәліметпен бөлісу: