
2026 жылғы 8 қыркүйектен бастап Қазақстанда жылжымайтын мүлікпен жасалатын мәмілелерді нотариаттық куәландыру және атқарушылық жазбалар рәсімдеу тәртібіне өзгерістер енгізілді. Жаңа талаптар азаматтардың мүлікке қатысты құқықтарын қорғауға, борышкерлерді хабардар етуге және нотариаттық қызметтің ашықтығын арттыруға бағытталған.
Жаңа талаптарға сәйкес, сатып алу-сату, сыйға тарту, айырбастау және кепілге қою сияқты мемлекеттік тіркеуге жататын жылжымайтын мүлік мәмілелері сол мүлік орналасқан жердегі нотариус арқылы куәландырылады.
Жетісу облысында 2026 жылдың тоғыз айында жеке нотариустар 10 мыңнан астам сатып алу-сату шартын рәсімдеген. Жаңа талаптар күшіне енгеннен бері өңірде 1254 сатып алу-сату шарты жасалған.
Заңдағы тағы бір маңызды өзгеріс берешекті өндіріп алу тәртібіне қатысты. 8 қыркүйектен бастап мемлекеттік сатып алу және квазимем-лекеттік сектор субъектілерінің сатып алулары бойынша жасалған шарттардан туындайтын талаптар нотариустың атқарушылық жазбасы арқылы өндірілмейді. Мұндай даулар сот тәртібімен шешіледі.
Сонымен қатар атқарушылық жазба жасау кезінде борышкердің берешекті жазбаша мойындауы нақты талаптарға сай болуы керек. Құжаттардың болуы ғана жеткіліксіз: берешектің бар екені, оның мөлшері және өндіріп алынуға тиіс сомамен борышкердің келісетіні анық көрсетілуі қажет.
Атқарушылық жазбаның көшірмесі борышкерге электрондық үкімет порталы немесе 1414 нөмірінен SMS-хабарлама арқылы жіберіледі. Борышкер хабарламаны алған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде келіспеу себептерін көрсетіп, нотариусқа қарсылық білдіруге құқылы. Егер атқарушылық іс жүргізу басталып кетсе, атқарушылық жазбаға дау айту сот арқылы жүзеге асырылады.
Жаңа тәртіп бойынша атқарушылық жазба заңда көрсетілген жағдайларда борышкердің тіркелген жері бойынша жасалады.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап атқарушылық жазба жасау туралы өтініштер Бірыңғай нотариаттық цифрлық жүйе арқылы нотариустар арасында кездейсоқ таңдау негізінде автоматты түрде бөлінеді.
Жеке тұлғалар өтінішті жазбаша немесе электрондық түрде бере алады. Ал заңды тұлғалар өтінішті электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдаланып, жүйедегі жеке кабинеті арқылы жолдайды.
Жетісу облысында 2026 жылдың тоғыз айында жеке нотариустар 44708 атқарушылық жазба жасаған.
