Жаңа жыл мерекесін қауіпсіз өткізу мақсатында Департаментпен аудан-қалалардың азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері, жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесіп жаңа жылдық мерекені мерекелеу кезеңінде пиротехникалық бұйымдарды қолдануға байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жұмыстар жүргізді. Осындай ақпаратпен Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Алмас Смағұлов өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте бөлісті.
«Сертификатталмаған пиротехникалық бұйымдармен стихиялық сауда, сауда үшін белгіленбеген жерлерде заңсыз сату фактілерін анықтауға және жолын кесуге, сондай-ақ рұқсат құжаттарынсыз сатуға бағытталған 16 рейдтік іс-шара ұйымдастырылды. Анықталған бұзушылықтардың 12 фактісі бойынша кінәлі адамдарды заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тарту бойынша шаралар қабылданды», — дейді спикер.
«Бұқаралық ақпарат құралдарына 25 ақпарат таратылды, аудандық деңгейде 523 адамды қамти отырып, өрт қауіпсіздігі бойынша 56 нұсқама, дәріс, әңгіме өткізілді. 487 үгіт-түсіндіру материалдары таратылды. Бұл ретте, пиротехникалық бұйымдарды қолдануға және қауіпсіз айналымға арналған нұсқаулықтар болған жағдайда, оны сатуға арнайы бөлінген орындарда ғана сатып алуға азаматтардың назары аударылды», — дейді азаматтық қорғау капитаны.
Пиротехникалық өнімдерді пайдаланудың қандай ережелерін білу керек екенін Жетісу облысы ТЖД ескертеді!
■ Пиротехникалық өнімдерді дүкендерден сатып алу ұсынылады.
■ Пиротехникалық өнімдерді сатып алу кезінде сапа сертификатын тексеру қажет.
■ Пиротехникалық бұйымдарды қолданар алдында оларға қоса берілген қолдану жөніндегі нұсқаулықпен танысу қажет.
■ Ақаулары бар пиротехникалық өнімдерді қолдануға болмайды – майысқан, дымқыл және т. б. қаптаманың тұтастығын бұзылуы.
■ Пиротехникалық өнімдерді тұрғын үй – жайларда — пәтерлерде немесе балкондарда қолдануға болмайды.
■ Кішкентай от шашуды қалтаңызда алып жүруге, оларды отқа лақтыруға, бөлшектеуге және қандай да бір механикалық әсерге ұшыратуға болмайды.
■ Пиротехникалық өнімдерді жылыту құрылғыларынан алыс және балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек
Жаңа жылды мерекелеу алаңында өрт қауіпсіздігін ұйымдастыру үшін 2022 жылғы 31 Желтоқсанда қалалар мен аудандарда өрт техникасын қоя отырып, азаматтық қорғау қызметкерлерінің кезекшілігі жүзеге асырылады.
«Бұл бағыттағы жұмыстар Жаңа жылдық мерекелік шаралар аяқталғанша жалғасатын болады», — дейді Алмас Смағұлов.