Жетісудағы Еңбек күні: кәсіби мамандар мен еңбек әулеттеріне құрмет көрсетілді

Жетісу облысында Еңбек күніне арналған салтанатты іс-шара өтіп, онда құрылысшыларға, ауыл шаруашылығы мамандарына, дәрігерлер мен педагогтерге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының мамандарына, ветеринарларға, спортшылар мен әлеуметтік қызметкерлерге, журналистерге және басқа да саланың өкілдеріне құрмет көрсетілді. Мерекеде олардың көп жылғы еңбек өтілі, жауапкершілігі мен өз ісіне деген адалдығы бағаланды, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Өңір басшысының атынан жиналғандарды облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев құттықтады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Адал әрі табанды еңбегімен жетістікке жеткен адамдар әрдайым құрмет пен қошеметке ие болуы керек. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар», – деп атап өткен болатын. Жетісу – әлеуеті зор, өнеркәсібі дамыған, ауыл шаруашылығы қарқынды өркендеп келе жатқан өңір. Бүгін біз күнделікті еңбегімен облыстың дамуына үлес қосып жүрген жандарға бірге құрмет көрсетеміз, – деген ол әрі қарай марапаттау рәсіміне көшті.

Іс-шара аясында экономиканың түрлі салаларында 20-50 жыл аралығында еңбек етіп келе жатқан, көп жылғы еңбек өтілі бар мамандар марапатталды. Олардың қатарында ауыл шаруашылығы, ветеринария, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, әлеуметтік сала, спорт, азаматтық қорғау және қоғамдық қауіпсіздік салаларының, сондай-ақ басқа да салалардың өкілдері бар.

Сонымен қатар «Еңбек жолы» өңірлік байқауының жеңімпаздары да ерекше аталып өтті. «Үздік еңбек әулеті» номинациясында бірнеше буын ұрпағы өз өмірін спорт саласының дамуына арнаған Қожахметовтер отбасы марапатқа ие болды. «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясында 24 жылдық еңбек өтілі бар, 100-ден астам шәкірт тәрбиелеген Елтай орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Гүлмайра Қыдырбаева үздік деп танылды. Ал «Өндірістің үздік жас маманы» номинациясында Текелі тау-кен байыту кешенінің жетекші инженері, жобалаушы Мерей Дубеков жеңімпаз атанды.

Бұл күні еңбек ардагерлеріне де ерекше алғыс айтылды. Сондай-ақ бірқатар мамандар «Еңбек адамы» төсбелгісімен және «Әділет» партиясының Алғыс хаттарымен марапатталды.

Іс-шара соңында еңбек ардагерлері әріптестері мен жас мамандарға ізгі тілектерін жеткізді. Бұдан соң мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылды.

Марапатталғандар өз пікірлерін білдірді. Олардың қатарында «Үздік еңбек әулеті» номинациясының жеңімпазы, ұзақ жылдар бойы спорт саласының дамуына үлес қосып келе жатқан Қожахметовтер отбасы да бар.

– Мен бұл салада 41 жылдан бері еңбек етіп келемін. Жоғары санатты жаттықтырушымын, халықаралық төрешімін, самбодан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысымын. Жұбайым Күлнар спорт саласында жүргеніне 39 жыл болды, жеңіл атлетикадан спорт шеберлігіне кандидат. Қыздарым Айман мен Шолпан Лондон және Токио Олимпиада ойындарына қатысты, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпиондары. Қай салада болмасын жетістікке жету үшін табандылық пен шыдамдылық қажет. Сонымен қатар әр істі соңына дейін меңгеруге ұмтылу керек, – дейді отағасы Болат Қожахметов.

Ауыл шаруашылығы саласында 45 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан шаруа қожалығының басшысы Сүндетбай Есжанов та ой бөлісті:

– Мен ісімді бастаған кезде бар болғаны үш сиырым болды, қазір екі отар қойым, 50-60 бас ірі қарам бар. Әрдайым еңбек етуден шаршамау керек. Қазір жасым 70-ке таяды, бірақ әлі де жұмыс істеп келемін, малдың күтімін күн-түн демей жасаймын. Еңбек етсең, жемісін жейсің. Ал адал еңбек етпей, береке  кірмейді, — деді ол.

«Текелі тау-кен байыту кешені» өндірісінде төртінші жыл жобалаушы болып жұмыс істеп жүрген жас маман Мерей Дубеков те осындай ойда:

– Еңбек ардагерлерімен қатар менің де еңбегімнің жоғары бағаланғаны, әрине, қуантады. Адал еңбек, кәсібилік, жауапкершілік, оған қоса ұрпақтар сабақтастығы арқылы Жетісудың одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосамыз деп сенемін, – деді ол.

Осылайша, Еңбек күніне арналған салтанатты іс-шара әрбір кәсіпорынның, мекеменің, саланың, жалпы тұтас өңірдің дамуында еңбек адамдарының күнделікті адал да абыройлы еңбегі тұрғанын тағы бір мәрте көрсеткен тағылымды мереке болды.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Дмитрий Ерофеев

Мәліметпен бөлісу: