Жетісу облысы құрылғаннан бері жөндеу мен жаңа құрылыс жүргізудің арқасында объектілерді жаңарту 50%-ға жетті. Мысалы, білім беру саласында 5310 орынды 15 жаңа мектеп пайдалануға беріліп, 19 нысан күрделі жөндеуден өтті. Ал денсаулық сақтау саласында 98 нысан іске қосылды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев айтты, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Бейбіт Исабаев өз баяндамасында әлеуметтік инфрақұрылымдарды жақсартудың жай-күйіне тоқталды. Оның айтуынша, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының аясында 2023 жылы басталған 1800 орынды 2 мектептің біреуі биыл қолданысқа берілсе, екіншісінің құрылысы келесі жылы да жалғасады. Жалпы 2025 жылы 7 мектеп салу жоспарланған. Соның нәтижесінде жөндеуге жататын 95 мектептің 38-і немесе 40%-ы жаңартылады.
Ал денсаулық сақтау саласында соңғы үш жылда 98 нысан пайдалануға берілсе, соның 31-і жаңадан салынған, 61 блокты-модульді медициналық кешендер орнатылып, 6 нысан күрделі жөндеуден өтті. Биылғы жылдың өзінде 51 нысан бой көтерген, соның 25-і жаңа құрылыс, 26-сы – блокты-модульді конструкция.
– Айта кету керек, біздің облыс блокты-модульді медициналық кешендерді орнату тәжірибесін алғашқылардың бірі болып кеңінен қолдана бастады. Келесі жылы тағы 69 нысанды қолданысқа беру жоспарлануда. Қабылданған шаралардың нәтижесінде облыста жөндеуге жататын 292 денсаулық сақтау нысанының 167-і немесе 57,2% жаңартылады, — деді Б. Исабаев.
Мәдениет саласында 2022-2024 жылдары 12 мәдениет үйі пайдалануға беріліп, 10 нысан күрделі жөндеуден өткен. Келесі жылы тағы 7 нысан пайдалануға беріліп, жаңару деңгейі 33,3%-ға жетеді.
Ал спорт саласына келсек, облыс әкімінің мәліметінше, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, спорт кешендері, күрес залдары, стадион сияқты жалпы 18 нысан іске қосылып, 10 блокты-модульді спорт кешені орнатылды. Сонымен қатар Талдықорғанда Қазақстанда баламасы жоқ «Жетісу» волейбол орталығы және инвестор есебінен спортшыларға арнап салынған төрт қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Оған қоса жақында инвестордың қаржысына Үстел теннисі орталығы ашылды.
— Соның нәтижесінде нысандардың 74,4% жаңартылып, халықты спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету 1000 адамға шаққанда 64%-ға жетті, — деді өз сөзінде облыс әкімі.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттерді түсірген: Жеңіс Ысқабай, Дмитрий Ерофеев