Жетісу тұрғындары жаңа энергетикалық шешімге дайын – Халықтық штаб

Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері Жетісу өңірінің жұртшылығымен алдағы референдумға қатысты өзекті мәселелерді және энергетика саласын дамыту перспективаларын талқылады.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде қазіргі сын-қатерлер жағдайында баламалы энергия көздерінің қажеттілігі бұрынғыдан да арта түскені айқын байқалып отырғанын атап өтті. Оған климаттың өзгеруі, экологияның нашарлауы және энергияның тапшылығына қатысты статистикалар дәлел. Сенат Төрағасы бұл ретте Мемлекет басшысы мақұлдаған атом электр стансасын салу туралы бастама аса маңызды екенін айтты. Негізгі артықшылықтарының бірі – көмірқышқыл газы шығарындыларын азайту және көмірге тәуелділікті төмендету.

«Бүгінде халықтың тұтыну қажеттілігін өтеп отырған көмір электр стансаларының жағдайы сын көтермейді, басым бөлігі әбден тозған. Қазірдің өзінде елімізде энергия тапшылығы орын алып, сенімді және таза қуат көздерінің қажеттілігі артып отыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа Жолдауында осы түйткілге ерекше тоқталды. Шын мәнінде, бұл ретте атом энергиясының әлеуеті зор. Қазір ол бүкіл әлемде белсенді қолданылып келеді. АЭС-тің көмір стансаларынан айтарлықтай айырмашылығы бар. Ол ауаны және қоршаған ортаны көмірқышқыл газдарымен, күлмен немесе құрамында мұнай өнімдері бар зиянды қалдықтармен ластамайды. Бұл – табиғатқа зиян келтірмей-ақ экономикамыздың қарқынды дамуына ықпал ететін таза және тұрақты энергия көзі», – деді Палата Спикері.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт ел дамуына қажет энергия көзі ретіндегі АЭС құрылысының маңызына назар аударды.

Жетісу облысының қоғам қайраткерлері мен белсенді азаматтары тұрақтылық пен өсімді қамтамасыз ететін стратегиялық жоба ретінде АЭС құрылысын қолдады.

Мәліметпен бөлісу: