
Жетісу облысында ондаған жылдар бойы өзекті болып келген Текелі қаласын сумен қамту проблемасын шешуге қатысты соңғы үш жылда жүйелі шаралар қабылданды. Атап айтқанда, жаңа ұңғымалар бұрғыланып, су резервуарлары мен сүзгілеу станциясы салынды, магистралды су құбырлары желілері тартылды. Биыл қала ішінде жалпы ұзындығы 176 км су құбыры желілерін жаңарту жұмыстары басталады. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың қала халқымен кездесуі кезінде айтылды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

— Ендігі кезектегі маңызды міндет – қаладағы су құбыры желілерін жаңарту. Осыған байланысты биыл қаланың «Алатау», «Достық», «Кеншілер», «Металлург» шағын аудандарында ішкі су құбыры желілерін қайта жаңғырту және жаңадан салу жұмыстары басталады, — деді Б. Исабаев.

Жалпы, облыс көлемінде 329 елді мекен немесе 93% орталық ауыз су жүйесімен қамтылған. Өткен жылы орталық су жүйесіне 4 ауыл – Алакөл ауданының Қоңыр, Қаратал ауданындағы Ұмтыл, Ақсу ауданындағы Қопалы, Панфилов ауданындағы Жиделі ауылы қосылды. Биыл тағы 10 елді мекенде жұмыстар жүруде, соның ішінде 4 ауылдағы жұмыстар жыл соңына дейін, 6-уында келесі жылы аяқталады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фототілші: Дмитрий Ерофеев,
сондай-ақ, фотосуреттер облыс әкімінің баспасөз қызметінің мұрағатынан алынған
