Алматы облысының бөлінуіне орай, жаңадан құрылған Жетісу облысында спорттық нысандар жаңа қарқынмен құрылуда. Өңірдің спорт, мәдениет салаларындағы атқарылған жұмыстар жайымен өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли таныстырды.
«2022 жылдың қыркүйек айынан облыста «Мамандандырылған бокс балалар-жасөспірімдер спорт мектебі», «Жетісу облысының спорттық-бұқаралық іс-шаралар орталығы» және «Облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебі» ашылды», — дейді облыс әкімінің орынбасары.
Рустам Әли Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларының өңірде орындалу барысы жайында баяндады. Мемлекет басшысы: «Спортпен шұғылдану – денсаулық кепілі» деп атап өткен еді. Спорт саласын дамыту бағытында облыста бірқатар спорттық нысандардың инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қолға алынды.
«Жыл қорытындысы бойынша Жетісу өңірінде 1000 адамға шаққанда халықты спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету 51,3% құрады. Облыста 1715 спорт нысаны мен 6 дене шынықтыру-сауықтыру кешені бар», — деді спикер.
«Қазіргі таңда 2 дене шынықтыру-сауықтыру және 3 спорт кешенінде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылында Орталық стадион мен Басши ауылындағы күрес залының құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Сарқан ауданында да Орталық стадионды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, қараша айынан бері Текелі қаласында спорт кешенінің құрылысы бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталып кетті. Сондай-ақ, 8 спорт кешенінің жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде», — деді спикер.
Ерекше күтімге мұқтаж жандар да назардан тыс қалмады. Мәселен, бүгінде облыста «Облыстық мүгедектерге арналған мамандандырылған спорт мектебінде» спорттың 23 түрі бойынша секциялар жұмыс істейді, оған мүмкіндігі шектеулі жандар қатысады, студенттердің жалпы контингенті 380 адамды құрайды. Жалпы Жетісудағы ерекше күтімге мұқтаж жандардың спорт саласына қызығушылық танытатындар саны 1320 адамды құрайды. Бұл облыс бойынша есепте тұрған мүгедектердің 13 пайызынан сәл артық.
Өңірде спорт саласын дамыту жұмыстары өз жемісін беруде. 2022 жылдың соңында жетісулық спортшылар 3 халықаралық және 21 республикалық жарысқа қатысып, жоғары нәтижеге қол жеткізді.
«Жетісу» волейбол командасы Ұлттық лиганың әйелдер командалары арасындағы Қазақстан Республикасы чемпионатының 8 дүркін чемпионы. Қазақстан Республикасы Кубогының 8 дүркін иегері, Қазақстан Республикасы Суперкубогының 3 дүркін иегері атанды «Бесарыс» хоккей командасы – өткен жылы Азия кубогында ерлер құрамасы 3-орынға ие болды. Қазақстан Республикасының чемпионатында ерлер арасында 1 орын, әйелдер арасында 1 орынды иеленді. 2023 жылдың ақпан айында құрама Оңтүстік Африкада өтетін әлем чемпионатына қатысады» — дейді спикер.
2022 жылдың тамыз айынан бері Жетісу өңірінің спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда 2118 медаль жеңіп алды.
Жетісу өңірінде жыл басынан бері 15 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 77 спорт шебері, 372 спорт шеберіне үміткер және 129 бірінші разрядты спортшы дайындалды.
«2022 жылы Жетісу өңірінде дене шынықтыру мен спортты дамытуға бюджеттен 11,2 млрд теңге бөлінді. Дене шынықтыру және спорт саласында көрсеткіштерді жақсарту және жоғары нәтижелерге қол жеткізу бойынша жұмыстар жалғасын табады», — деді Рустам Әли.
Тағы бір өзекті мәселенің бірі – өңірдің мәдениетін дамыту. 2022 жылы Жетісу өңірінің мәдениет мекемелері мен мұрағаттарының желісі 309 нысанды құрайды.
«Жыл басынан Алакөл ауданы Ақтүбек ауылдық Мәдениет үйі ашылды. Ескелді ауданы, Ешкіөлмес ауылдық кітапханасы жаңадан ашылды. Қаратал ауданында 2 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Үштөбе қаласында өлкетану музейі және Кәлпе ауылдық Мәдениет үйінің құрылысына 200 млн. теңге бөлінді. Нысандарды 2023 жылы іске қосу жоспарлануда», — дейді спикер.
«Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында Кербұлақ ауданы Шанханай ауылындағы Ш.Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемориалды музейі жанындағы Ғылыми орталықтың күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биылғы жылы 22 мәдениет нысанында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Облыс әкімінің орынбасары алдағы жоспарлармен де бөлісті. Айта кетсек, келер жылы айтыскер ақын Сара Тастанбекқызының -170, мемлекет, қоғам және мәдениет қайраткері Темірбек Жүргеновтың туғанына — 125, композитор, КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұқан Төлебаевтың — 110, актриса, Қазақ КСР-інің халық артісі Бикен Ырымқызы Римованың — 100, жазушы Кемел Тоқаевтың — 100 жылдығы аясында мәдени шаралар ұйымдастыру жоспарлануда.