Жетісу облысында «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасына тіркеу жүріп жатыр

Елімізде ауыл мектептерінің оқушыларына арналған «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасы басталды. Ұлттық зияткерлік олимпиаданың мақсаты – ауылдық жерлерде оқитын 6-сыныптың ең қабілетті 1000 оқушысын анықтау. Оларға еліміздің дарынды балаларға арналған жетекші мектептерінде тегін оқуға мүмкіндік жасау. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Әлішер Башаров пен «Жетісу дарыны» орталығының директоры Жанна Жаукарова айтып берді. Спикерлердің айтуынша, олимпиададан өткен оқушылар республикалық физика-математика мектептерінде, «Білім-Инновация» лицейлерінде, «Дарын» мамандандырылған мектептерінде білім ала алады. Аталған сынға тіркелу 30 наурызға дейін жүргізіледі. Атап айтсақ, 1000bala.elumiti.kz сайтында қол жетімді. Бүгінде Жетісу облысынан олимпиадаға 4500-ге жуық оқушы тіркелген. Олимпидада былтырғы жылмен салыстырғанда биыл өзгерістер бар. Яғни, аталған сынға тек 6-шы сынып оқушылары ғана қатыса алады. Және оқушылардың жетекші мұғалімдері де тіркеуден өтуге міндетті. Олимпиада қорытындысы бойынша оқушылары жеңімпаз атанған ұстаздарға сертификат берілетін болады. Сонымен қатар, сайтта өткен жылдағы тест тапсырмалары бойынша дайындалуға мүмкіндік беретін қосымша іске қосылды. «Жалпы облыс бойынша бізде 6-шы сынып оқушылар саны 12 800 балаға жуық. Оның ішінде 5000 бала олимпиадаға қатысуға ниет білдірді. Осы олимпиадаға тек қана ауыл мектептерінде оқитын балалар қатыса алады. Жалпы облыс бойынша 339 мектеп болса, оның ішінде 281 мектеп ауылды жерлерде орналасқан. Яғни, олимпиада ауылды жерлерде оқитын балаларға үлкен мүмкіндік береді», – деді Білім басқармасы басшысының орынбасары. Жалпы республика бойынша олимпиадаға өткен үш жыл ішінде ауыл мектептерінен 580 мыңнан астам оқушы қатысып, 3000 жеңімпаз анықталды. Оның 960-ы дарынды балаларға арналған мектептерге қабылданса, 5000-ға жуық бала онлайн форматта қосымша білім алуда.

Мәліметпен бөлісу: