Жетісу облысында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалициясы құрылды

Бүгін Талдықорғанда «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясын құру жөніндегі республикалық бастама аясында Жетісу облыстық коалициясы құрылды.
Өңірлік коалиция құрамына бес саяси партия өкілдері, үкіметтік емес ұйым мүшелері, кәсіпкерлер, еріктілер, жастар ұйымдары және қоғам белсенділері кірді. Жалпы саны — 300-ден астам азамат.

Коалиция жұмысының негізгі мақсаты – жаңа Конституция жобасының мазмұнын тұрғындарға жан-жақты түсіндіру, қоғамдық талқылауға мүмкіндік жасау және ел болашағына бейжай қарамайтын азаматтарды ортақ іске жұмылдыру.
Өңірлік коалиция жетекшісі Арыстанғали Арын өз сөзінде жаңа Конституцияның ел дамуы үшін маңызын атап өтті:

«Жаңа Конституция жобасы – мемлекетіміздің даму бағытын айқындайтын стратегиялық құжат. Ол еліміздің саяси жүйесін жетілдіруге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, заң үстемдігін нығайтуға және қоғамдағы әділеттілік қағидаттарын орнықтыруға бағытталған», – деді ол.
Сондай-ақ кездесуде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Әбілмәжінұлы сөз сөйлеп, Конституцияны жетілдіру ісіне халықтың кеңінен қатысуының маңызын атап өтті:

«Конституция – бұл жай ғана құқықтық құжат емес. Бұл – мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді шарт. Сондықтан оны жетілдіру үдерісіне халықтың кеңінен қатысуы аса маңызды», – деді ол.
Жиын соңында қатысушылар елдік реформаларды қолдауда азаматтық белсенділікті арттырудың және қоғамдық диалогты кеңейтудің қажеттілігін атап өтті.
Алдағы уақытта Өңірлік коалиция облыс бойынша кең ауқымды ақпараттық жұмыстар жүргізуді жоспарлап отыр. Коалиция мүшелері тұрғындармен кездесу, қоғамдық сұхбаттар, ауыл тұрғындарымен тікелей кездесулер өткізіп, Конституция жобасына қатысты сауалдарға жауап беруді көздеп отыр.

Мәліметпен бөлісу: