Жетісу облысында биыл 4 600 отбасы баспаналы болады

Жетісу облысында өткен жылы 3 284 отбасы баспаналы болса, биыл 4 600 отбасы қоныс тойын тойлайды. Олардың қатарында Ақсу ауданының тұрғындары да бар. Бұл туралы аудан халқымен кездесуде облыс әкімі Бейбіт Исабаев мәлімдеді, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Өңір басшысының айтуынша, өткен жылдың мамыр айынан бастап тұрғын үй беру функциясының «Отбасы банкке» берілуіне байланысты биыл Ақсу ауданында кезекте тұрған азаматтарға өткен жылы құрылысы аяқталған 116 пәтер мен тұрғын үй берілді.

— Кезекте тұрған азаматтарға көпқабатты тұрғын үйден 60 пәтердің және 56 жеке тұрғын үйдің кілті табысталды. Сонымен қатар биыл Жансүгіров және Қапал ауылдарында 40 жеке тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін олар пайдалануға беріледі, — деді Б. Исабаев.

Жалпы, соңғы 3 жылда Ақсу ауданында 297 отбасы қолжетімді баспанамен қамтылды. Атап айтқанда, тұрғын үйлер Жансүгіров, Қапал, Есеболатов, Алтынарық, Сағабүйен ауылдарынан берілді.

Биыл қоныс тойын тойлағандардың бірі — Жансүгіров ауылының тұрғыны Гүлнара Сабырбаева пікір білдірді.

— Биыл өзімнің жеке пәтеріме қол жеткіздім. Жарық, кең, сапалы баспана. Отбасымызда осындай қуанышты сәттің болғанына өте ризамын. Баршаға, әсіресе жас отбасыларға осындай қуаныш тілеймін, — деді ол.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Жұмабай Мұсабеков, Қанат Өмірәлинов.

Мәліметпен бөлісу: