Жетісу облысында ағымдағы жылдың 9 айында 69 адам ЖИТС(СПИД) дертіне шалдыққан


Ағымдағы жылдың 30 қыркүйегіне дейін өсім нәтижесінде Жетісу облысында ЖИТС дертіне шалдыққандар саны 1164 адамды құрады. Жыл басынан бергі тоғыз айдың ішінде өңірде 69 жағдай тіркелді. Олардың 18-і 14 жасқа толмаған балалар. Осындай ақпаратпен бүгін өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте сала мамандары бөлісті. Науқастың таралу жағдайы жайында ЖИТС-нің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Алматы облыстық орталығы директорының ұйымдастыру-әдістемелік және эпидемиологиялық бақылау жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы Гүлмира Жақанова, аталмыш орталықтың дәрігер-инфекционисі Саниям Махмутова мен Жетісу облысы бойынша АИТВ науқасының алдын алу орталығының дәрігер-эпидемиологі Марал Матембаева толыққанды ақпарат берді.
«21 қараша мен 1 желтоқсан аралығында облыста Дүниежүзілік ЖИТС-мен күрес күніне орай акциялар ұйымдастырылады. Биылғы жылдың басты девизі – «Тең мүмкіндіктер кезеңі». Осы онкүндікте біздің бөлім мамандары аудан, қалаларға жұмыс сапармен барып, мектеп, колледж, медициналық ұйымдарда ірі шаралар ұйымдастырады», — дейді спикерлер.
Жыл басынан бергі уақытта 5 мың адамның қатысуымен 100-ге жуық шаралар өткізілген. 1100 үлестірме қағаздары, 1300 мүшеқаптар таратылған. Алдын алу шаралары кеңінен ұйымдастырылып, барлық жерді қамтыған. Тұрғындар арасында насихат жұмысын кеңінен қамту мақсатында Талдықорған қаласының барлық колледж студенттерінің арасында арнайы байқау ұйымдастыру жоспары бар.
ЖИТС (СПИД). Адам ағзасының иммундық жүйесін әлсіретіп, түрлі жұқпалы ауруларға ағзаның қорғанысын төмендетеді. Адам ағзасының қорғаныс күшінің төмендеуінің шегі күрт түскенде науқас өзге адамдар мүлде ауырмайтын немесе сирек ауыратын науқасқа шалдығуы мүмкін.
АИТВ, адамның иммун тапшылығы вирусының, яғни адамның иммунды жүйесін зақымдайтын вирус – созылмалы инфекциялық ауру, оны адам ағзасында Иммунтапшылық вирусы қоздырады. Бұл науқас нәтижесінде адамның иммундық жүйесі біртіндеп әлсірей түседі. АИТВ тек адам ағзасында өмір сүріп, қоректенеді. АИТВ жұқтырған адам ешбір қолайсыздық сезінбеуі мүмкін. Кей жағдайларда дертке шалдыққандар арасында бірнеше аптадан соң тұмау белгілері білінуі мүмкін. Ұзақ жылдар бойы бұл науқасқа шалдыққандар өздерін сау деп санайды.
Мамандардың пікірінше, бүгінгі күні АИТВ дертінен толық жазылу мүмкін емес, ол күн санап таралу үстінде. Алайда уақытылы ем алу аса қажет. Науқаспен күрестің жаңа түрлері көбеюде. Болашақта теріс әсері төмен, қабылдауға қолайлы жаңа дәрілердің түрлері пайда болатыны күмәнсіз. Алайда, ең сенімді әдіс – кез келген науқастың алдын алу.

Мәліметпен бөлісу: