Жетімін жылатпаған халықтың ұрпағы

«Жыртық үйдің Құдайы бар». Жолдасым өмірден өткен соң барлық жауапкершілік өз мойныма артылды. Тағдыр оңай емес қой. Бұл балаларымның несібесі. Екі қызым тұрмыста. Кенжем 4 жаста. Осындай қуаныш менің отбасымда болып жатқанына әлі де сене алар емеспін».

Батыр ана Раушан Момбекованың баспаналы болған сәттегі жүрекжарды сөздері. Талдықорған қаласының тұрғыны Раушан жеті баланың анасы. Жолдасынан айырылып соң, балаларын бір өзі жеткізіп  келеді. Баспананың зардабын қатты тартты. Талай жыл пәтер жағалап жүрген батыр ана қайырымды жандардың арқасында үйлі болды. Игі іске «Қарекет» қайырымдылық қоры мұрындық болды.

Аталмыш ұйым биыл Алматы облысы бойынша 18 отбасына баспана бақытын сыйлады. Мұны қордың Талдықорған өңірі бойынша басшысы Амангелді Толамисов атап өтті.

«Ақжан және Ернар есімді ел азаматтарының арқасында 10 пәтер мұқтаж жандарға табысталса, осы соңғы 4 айда 8 отбасы баспана бақытына кенелді. Жайық Тазабекұлы, Дарын Сәліімжанов, Ғабит Чукеев, Талғат Бейбіт, Ерлан Қасымханов және Мирас Мұхаметшәріп есімді жігіттер бізбен бірге белсенді қызмет етуде. Осы құрамдағы Талдықорғандық еріктілер де қыруар жұмыстар атқарды. Өңір бойынша қордың танымалдылығы артып келеді. Біз кілтті тапсыру үшін арнайы Пекин олимпиадасының жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев, айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов және каратэден әлем чемпионы Мерей Сүйінов секілді республикаға танымал азаматтар шақырдық», – дейді А.Толамисов.

Белсенділік танытқан жақсы адамдардың арқасында талай жыл пәтер жағалап жүрген отбасының енді өз баспанасы бар. «Харекет» қоры еліміздің барлық қалалары мен аймақтарында қайырымдылық ісімен белсенді айналысып келеді. Батыр анаға берілген баспана республика бойынша 275-ші үй.

Республика бойынша барлық өңірде қордың еріктілері жұмыс істейді. Олар өңір бойынша мұқтаж отбасыларды анықтап, сатып алынатын баспаналар азасын дайындайды. Сондай-ақ, әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырып, жиналған қаражатты есепшотқа аударып отырады. Еліміздегі қаншама отбасы талай жылдар бойы армандаған баспанасына қол жеткізуі мақсатында қайырымды жандар жұмысын жалғастыра бермек.

Мәліметпен бөлісу: