ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС – ТӘУЕЛСІЗДІК ҮШІН КҮРЕСПЕН ТЕҢ!

Кез — келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселелердің бірі. Бұл кесел әлемнің қай елінде болса да бар ауыр дерт. Біздің дамушы мемлекет ретінде өркендеуімізге кедергі келтіріп тұрған қайғы.

Біз тәуелсіздік алғалы отыз жыл толып отыр. «Азаттық алдық. Зорлықтан, қорлықтан, құлдықтан азат болдық. Тәуелсізбіз. Егеменбіз. Сөйтсек, жемқорлық, парақорлық та, заңсыздық та азаттық алған сияқты. Сияқты емес, дәл солай!»,–дейді Шер­хан Мұртаза «Адам құны» атты мақаласында. Шындығында, дәл солай. Өйткені, осы айтылған келеңсіз құбылыстармен елеміз егемендік алғалы жаппай күресіп келеді.

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, 2020 жылы Қазақстан жемқорлық жайлаған 180 елдің ішінде 113-орында тұр екен. Бұл көрсеткіш елімізде жемқорлық деңгейінің әлі жоғары екендігін көрсетеді. Қазақстанды бұл дерт неге жау­лап кетті? Пара алу мен пара беру неге тыйылмай жатыр? Бұған тек бір адамды кінәлауға ғана бол­майды. Бұл дертпен күресті әркім өзінен бастауы қажет. Мемле­кет тарапынан бұл дертпен күрес үшін көптеген шаралар жүргізіліп, заңнамалар қаталдап жатыр. Қазір әлемді жаулаған дерт короновирус десек, жемқорлық одан да қауіпті дерт. Жемқорлыққы қарсы вакцина жоқ. Оны тек баршамыз бірігіп жеңе аламыз, ол үшін әр азамат бойын­да жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру аса маңызды.

…«Кедей – бай болсам дейді, бай – Құдай болсам дейді». Кедей бай болсам деген жерде тоқтай қалса ғой. «Стоп!» десе. Жоқ, бай Құдай болсам дейді. Бұл – қанағатсыздық. Бәленің бәрі осы қанағатсыздықтан туады. Оны тол­тыра алмайсың. Өзі тойса да, көзі тоймайды»,-деп жазыпты Шерхан Мұртаза «Елім саған айтамын, Елбасы сен де тыңда» атты хат­тар жинағында. Расында қазіргі жемқорлықтың тоқтамы болатын қанағат деген ұғымды санаға сіңіру керекпіз.

Ежелгі грек ойшылы Местрий Плутарх «Қоғам игілігіне арналған істен өз пайдасын көздеген жан, қабірді де тонауға қабілетті» дейті. Бұл жемқорлар үшін елді, жерді сату түкке тұрмайтындығын көрсететін сөз секілді. Бүгінде біздің тәуелсіздігіміздің бас- ты жауы – жемқорлық. Демек, жемқорлықпен күрес тәуелсіздік үшін жүргізіліген күреспен тең.

Д.СҰЛТАНОВА,

аудандық сотының кеңсесінің бас маманы,

сот отырысының хатшысы.

Мәліметпен бөлісу: