Халқымыз талай қиындықтарды өткеріп, көп нәрсеге шыдамдылық танытты. Әр шаңырақ «біреудің ала жібін аттама, ешкімнің ақысын жеме»,-деген қағиданың төңірегінде өмір сүретін. Жасөспірім үлкендердің алғыс-тілегіне бөленіп өсетін. «Ауруын жасырған ауырмай өледі»,-демекші, қақсап тұрған жерімізді ашық мойындауымыз керек. Бұл бір. Екіншісі оны заң түрінде өте қатал жазалау қажет. Ұсталған жемқор алғанын түгел қазынаға қайтарып беріп, ақша төлеп құтылдырмай ұзақ мерзімге бостандығынан айыру керек. Біз қанша уақытты құр бос өткізіп алдық, осы уақытта жемқорлық тамырын жайып үлгерді, бұл кеселді қанша азаматтарымыз отбасымен бірге жұқтырып та үлгерді. Дегенмен, қандай ауру болмасын, оны емдеуге болады. Қажет болса күштеп емдету керек.
Қаншама ақын — жазушыларымыз «жарқын болашақ» жайлы ұрандатып, үміт етуде. Оған қол жеткізудің жолы – жемқорлықты жою. Бізге айға ұшудың, дамыған ел боламыз деп шетелдің ұстанымдарын ендірудің еш қажеті жоқ. Алдымен, бізде өршіп тұрған жемқорлықты ауыздықтау. Осыны орындасақ қана көркейеміз. Және бұл ғажайып нәрсе емес, бұл қарапайым заңдылық.
Бақытгүл МӘМБЕТОВА,
Суықсай ауылдық кітапханасының кітапханашысы,
«Нұр Отан» БПҰ-ның мүшесі.