ӘЖЕЛІК АҚЫЛ КЕҢЕСІМ

 Ертең референдум. Референдум қарсаңында АЭС мәселесі – көшеде, орталық арбатта кешкі серуенге шығып, бас қосқан отырыстарда сөз болатын бірінші әңгіме болды. Қазір көптеген адамдар, әсіресе үлкендер жағы АЭС-тің Қазақстанда салынуына наразы. Әңгіме барысында «Бұл қаншалықты қауіпсіз және Қазақстан оны қалай пайдаланады? Қазақстанға АЭС не үшін қажет? — деген әңгімелер төңірегінде сөз болып, басымыз даң болады.

Мен аудандық ардагерлер кеңесінің белсенді мүшесі, Жансүгіров ауылдық әжелер ансамблінің жетекшісі ретінде осы төңіректе болып жатқан жиындарға көп қатысамын. Сол жерлерден естіген әңгімелерімді айтып, көбісінің бетін бері қаратамын. Негізі елімізде АЭС салу үшін әлі бірнеше жыл қажет. Біз оны көрмеуіміз де мүмкін. Болашақта электр энергиясының тапшылығы болады деген болжам бар. Ал, жарықтың тапшылығын біз кезінде көзімізбен көргенбіз, оған да көнгенбіз. Болашақ ұрпақ жаңа технологияда өскен жастар ондай мәселені көтере алмайды. Сол үшін болашақты ойлауымыз керек деп – әжелік ақыл кеңесімді беріп жатамын. Оған құлақ асатындар да бар қарсы болатындар да бар. Алайда таңдау өздерінде. Мен болашағымыз үшін елімізде АЭС салынғанын қалаймын, қолдаймын.

Күләтай ЕРМУХАНБЕТОВА,

Жансүгіров ауылдық әжелер ансамблінің жетекшісі, ауыл анасы.

Мәліметпен бөлісу: