Жастар күніне орай «Dream City Taldyqorgan» жастар фестивалі өтеді

Жетісу облысында Жастар мерекесін атап өту бүгіннен яғни 7 тамыздан басталады. Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпараттық алаңында өткен пресс-конференцияда «Jetisu Jastary» КММ директорының орынбасары Жансая Смағұлова БАҚ өкілдеріне биылғы іс-шаралар жоспарымен бөлісті.
«2021 жылы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жастармен кездесуде «Тәуелсіздік ұрпақтары – тәуелсіз елдің басты символы» деп жастарға үлкен сенім артты. Сол жылдан бастап Мемлекет басшысы тағайындаған «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты жүзеге асырылған. Биыл Жетісу облысында алғаш рет жастар бастамаларын қолдау мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына байқау жарияланған болатын. Мәдениет, ғылым, бизнес, медиа және ІТ салалары бойынша 100-ге жуық жобалары қабылданды. Соның ішінде 10 жоба қолдау тапты. Бүгін аталған грант иегерлерін марапаттау рәсімі өтеді. Аталған жобалар 2023 жылы жүзеге асырылатын болады», — деді спикер.
Сонымен қатар, 9 тамыз күні ауқымды «Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі» өтеді. «Жастар» саябағында өткізілетін шарада 30-ға жуық мекеме, 100-ге жуық жұмыс орындарын ұсынады. Одан бөлек, кәсіби бағдар беру, мемлекеттік қызметке кірісу бойынша бағыт-бағдарлар берілетін болады.
«Сондай-ақ, облыс бойынша бірқатар қайырымдылық акциялары жүзеге асырылып, жастар республикалық «12 игі іс» челленджіне де қатысады.
12 тамыз күні – «Dream City Taldyqorgan» жастар фестивалі өтеді. Спортық жарыстар, түрлі-түсті бояулар фестивалі, су атысу сынды бірқатар ойын-сауық бағдарламасы арнайы мерекелік концертпен жалғасын таппақ», — деп қорытындылады Жансая Өмірзаққызы.

Мәліметпен бөлісу: