Өркениетті елдің өрісі биік болмағы ол әрине, ел тізгінін ұстайтын жастардың қолында. Бүгінгі таңда қарыштап қадам басып келе жатқан Қазақстан дейтін еліміздің келбеті жалынды жастар.
Елбасының биылғы жылды «Жастар жылы» деп атауы бекер емес. Нақты мәселелер мен тұжырымды ойлардың ұйысатын сәттері бүгінгі мемлекетті ары қарай дамытатын жастардың игі істерінен табылмақ. Білім саласының кемелденуі мен оның абыройының артуы да бүгінгі күнгі жаңа буын жастардың үлесіне де байланысты деп білемін. Өр рухты қазақтың өрімдей қыздары мен ұлдарына сапалы тәлім мен тәрбие беру де басты назарда. Елбасының жастар жылында негізгі қадам қадап айтылған. Осыған орай ауданда білім саласынан жастардың жеткен жетістіктері ұшан — теңіз.
Жастарға патриоттық тәрбие берудің бағдарлы идеяларын Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан — 2030» атты еңбегінің «Қазақстан мұраты» деп аталатын бөлімінде: «…біздің балаларымыз бен немерелеріміз… бабаларының игі дәстүрін сақтай отырып қазіргі заманғы нарықтық экономика жағдайында жұмыс істеуге даяр болады. Олар бейбіт, абат, жылдам өркендеу үстіндегі күллі әлемге әйгілі әрі сыйлы өз елінің патриоттары болады» — деп, үлкен үміт артты. Болашақ жастардың қолында деген ұрандарды жиі айтып, елімізде осы мақсаттарда қолға алынып жатқан жобалар аз емес. Тек оны өз керегіне қарай пайдалану әрбір жастың құзырындағы жұмыс. Мемлекет тарапынан жасалынып жатқан бар мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға әрбір жастың өз ұмтылысы болуы тиіс. Өйткені, өмір, ағыны тоқтамақ емес, жастық шақтың да жарқ етіп өте шығары баршаға мәлім. Қашан да, болашағын алыстан бағамдайтын қазақ «қыстың қамын жаз ойла»,-демеуші ме еді… Ендеше, Қазақстанның жарқын болашағы үшін қандай да бір іс тыңдыруға міндеттіміз. Осы бағытта облыстық жас мамандар арасында «Дарынды балаға – талантты ұстаз» атты байқауға Қ.Сәтбаев ат ОМГ мұғалімі А.Байболов қатысып «Талантты ұстаз» номинациямен марапатталды. Облыстық жас мамандар арасында ұйымдастырылып өткізілген «Жас мамандар слетына» Ақсу аудандық білім беру мекемелерінен 10 жас маман қатыстырылып жүлделі орындарға ие болды. Өнер мектебінің мұғалімі Шугаипов Ілияс «Жүрегімнен шыққан ән» атты байқауға қатысып, ІІ дәрежелі диплом, Қ.Сәтбаев ат. ОМГ-ның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Байболов Әділет «Көркем сөз» атты байқаудан ІІ дәрежелі диплом, Ж.Сыдықов атындағы орта мектептен Қыдырманова Әсем, Қуатқызы Анар «Эрудит» сайысына қатысып І орын иеленді.
2018 жылдың 14 желтоқсанында облыстық «Педагогикалық тандем» байқауына математика пәнінің мұғалімі тәлімгер Қалибекова Айнұр Мамалүкқызымен жас маман Айқын Өркен қатысып қайтты. Аталған байқауда белгіленген 3 номинацияның «Өз ісінің шебері» тақырыбындағы номинациясын жеңіп алды.
Осындай жастардың жетістіктері ауданның абыройын арттырып, келешегін кемел ететіндей биік белестерді бағындырып келеді.
Жарас Қыдырханұлы,
облыстық білімді дамыту
оқу-әдістемелік орталығының
(Ақсу ауданы) әдіскері.