Жастар біздің болашағымыз

Елбасы Жарлығымен 2019 жыл «Жастар жылы»  деп жарияланды. Осы орайда, «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты салтанатты шараға Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, жас мамандар мен отбасыларды қолдауға қатысты бірқатар тапсырмаларды жүктеді. Президент форум барысында өзекті мәселелер көтерілгенін айта келе: «Барлық ұсынылған идеялар жастар мен отбасын дамыту саласындағы арнайы Жол картасында көрініс табуы тиіс екенін айтты. Екі жылдан кейін Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеміз. Бұл дата жастардың патриоттық тәрбиесі үшін аса маңызды. Осыған байланысты Үкіметке еліміз үшін маңызды мерейтойға дайындық пен оны атап өту шаралары бойынша бағдарлама әзірлеуді тапсырамын», — деді партия төрағасы.

Биыл «Жас Отан» Жастар қанатының қолдаушысы «Нұр Отан» партиясына 20 жыл. Елбасының осы жылды «Жастар жылы» деп жариялауын жақсылыққа балап отырмыз. Ендігі кезекте жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі шешілсе аграрлық салада инновациялық жобалар қанат жаймақ.  Бұл орайда жастардың бәсекеге қабілеттілігін дамыту маңызды. Биылғы жыл жастардың ең өзекті мәселесі — жұмыссыздықты жоюға ықпал етіп, нәтижелі бағдарламалар қабылданады деп сенемін. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының басты мәселесі — ауданның белсенді жастарының басын қосып, дөңгелек үстел ұйымдастырып, сол жерде әр саладағы проблемаларды жастардың өздерінің  жеткізуі оң нәтиже береді, осылайша жастарға өз орталарында дамудың кезекті сатысына өтуіне мүмкіндік жасалады. Жастар арасында белсенді өкілдер өте көп. Біз сол талантты жастарды насихаттауға басымдық беруіміз қажет. Яғни жастар, өз замандастарынан үлгі алып, алға ұмтылуы керек. Бұл орайда жастарға өз сапындағы үздіктерді өздері анықтауына мүмкіндік беру қажет. Иә, жұмыс — ол әл-ауқаттың негізгі көзі.

Елбасы жастарды қолдау мақсатында «Жастарға арналған баспана» бағдарламасын ұйымдастыруды қолға алуда. Мемлекет басшысының атап өтуінше, осы пәтерлер арендалық баспана санатына жатқызылуы керек. Сонымен қатар, Президент бұл бағыттағы мәселені шешуге «7-20-25» бастамасы да бағытталғанын жеткізді. «Осындай баспанаға жұмыс істейтіндер үміт арта алады.

«Жас кәсіпкер» бағдарламасы да жастарға үлкен қолдау. Президент «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының тәжірибесі туралы айтып, «Жас кәсіпкер» бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. «Шағын несие берудің және оқыту ісінің оң тәжірибесі негізінде барлық өңірде «Жас кәсіпкер» бағдарламасын әзірлеу қажет. Сондай-ақ, Елбасы  Үкіметке «Бизнес-2020» жол картасы аясында жас кәсіпкерлер үшін грант бойынша бөлінетін қаражат көлемін екі есеге арттыруды жүктеді.  Осы арқылы үш жылда шамамен 300 мыңға жуық жастар бизнестің қыр-сырын меңгеріп шығады.

«Ауыл — Ел бесігі» жобасы аясында инфрақұрылымды дамытып, жергілікті жерлердің кадрлық әлеуетін күшейту керек. Осыған орай, Елбасы, партия төрағасы «Дипломмен ауылға» бағдарламасына енгізілетін мамандықтардың тізімін кеңейтуді ұсынып отыр. Көшіп барғаны үшін төленетін жәрдемақы мөлшерін 70-тен 100 айлық есептік көрсеткішке дейін арттырған жөн.  Жастарды дамыған елдерде жоғары өнімді әрі инновациялық салалардың бірі саналатын ауыл шаруашылығымен айналысуға қызықтыра білу қажет екенін де тілге тиек етті. Мұнымен қоса, Мемлекет басшысы Үкіметке волонтерлікпен айналысатын ЖОО студенттерінің шәкіртақысын 30 пайызға арттыруды тапсырды. Жас ғалымдар гранты Президент жас ғалымдарға өз идеясын шынайы жобаларға айналдыруда көмектесу керектігін қадап айтты.

Ендеше жастарға артылған сенім ерекше екенін көріп отырмыз. Жастар біздің болашағымыз. Олай болса Елбасы, партия төрағасы Н.Назарбаевтың бастамасын біз де қолдаймыз.

К.Дәулетбекова,

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары. 

Мәліметпен бөлісу: