Жасанды интеллект министрлігі құрылды: Президент жарлыққа қол қойды

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қайта ұйымдастырылып, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі болып құрылды.

Бұл туралы 7-su.kz ақпараттық порталы хабарлады.

Президент мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында жаңа қаулыға қол қойды.

«Инновациялық қызмет саласындағы функциялар мен өкілеттіктерді Ғылым және жоғары білім министрлігіне бере отырып, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі болып қайта құрылу жолымен қайта ұйымдастырылсын», – делінген құжатта.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігі өздеріне берілетін функциялар мен өкілеттіктерге сәйкес бұрынғы министрліктің құқықтары мен міндеттерінің құқықтық мирасқоры болып бекітілді.

Жарлық қол қойылған күнінен, яғни 18 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді. Оның орындалуын бақылау Президент әкімшілігіне жүктелді.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 8 қыркүйектегі халыққа Жолдауында Үкіметке Жасанды интеллект министрлігін құруды тапсырған болатын.

Мәліметпен бөлісу: