ЖАЛЫНДЫ ЖАСТАР ҮДЕРІСТІ ҚОЛДАЙДЫ

Ақсу ауданында жастармен маңызды кездесу өтті. «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы өкілдері аудан жастарына жаңа мәтіндегі Конституция жобасының мазмұны мен маңызын түсіндірді.

Кездесу барысында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқан тағылымды ойлар мен ұлт болашағына қатысты жауапкершілік мәселесі кеңінен қозғалды. Спикерлер Мейрман Тлеуберлинов, Сайран Жасұланұлы және Данияр Ахмолдаев құқықтық реформалардың ел дамуына, әділ сот төрелігін нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға тигізер ықпалына нақты тоқталды.

Алғысөз алған Мейрман Тлеуберлинов Жаңа Конституция жобасы – стратегиялық маңызы бар құжат екенін атап өтті.

– Ертең үшін Мағжан Жұмабаев сенген жастардың бүгінін жарқын етуіміз қажет. Мемлекеттің басты байлығы – білімді ұрпақ. Жаңа Ата Заң білім мен ғылымды дамытуға, мәдениет пен инновацияны қолдауға бағытталған. Бұл – адам капиталына негізделген заманауи мемлекеттің айқын бағдары, – деді ол.

Спикерлердің айтуынша, Конституциялық жоба Әділеттілік, Заң мен Тәртіп, табиғатқа жауапкершілік қағидаттарын бекітеді. Сонымен қатар, білім мен ғылымға басымдық беру арқылы жастардың сапалы білім алуына кепілдік жасалады.

Кездесу соңында аудан жастары өз пікірлерін білдіріп, ел болашағына қатысты бастамаларды қолдайтындарын жеткізді. Белсенді жастардың азаматтық ұстанымы – қоғам дамуының берік негізі екені атап өтілді.

Мәліметпен бөлісу: