Бүгінгі ғасыр, бүгінгі уақыт біз үшін мақтаныштың, қуаныштың алтын сағаттары толы әлем!
Мен қазір қазақ болып туылғанын мақтан тұтатын замандастарымды жиі кездестіремін. Өзінің елін,жерін сүйіп қана қоймай, өткенге құрмет, келешекке үлкен үмітпен қарайтындардың қатары көп. Ұлттық сана, ұлттық рух жанданып, болашақтың іргесіне нық сеніммен әрекет жасайтын жастар бүгінде біздің арамызда. Елбасының ел ішіндегі бастамалары, қолдаулары бүгінгі тіршілік, ертеңгі тарих болып қала бермек.
Соның бірден – бір айғағы «Рухани жаңғыру, Болашаққа бағдар» атты Елбасы мақаласының жалғасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты жаңа мақала. «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» — деген қазақ санасындағы саналы сөз бүгінгінің ойынан әлі өшкен жоқ. Жеті санының қасиеттілігін дана халық іліммен, қала берді біліммен теңестіріп беделін биік көтерген. Бүгінде Мемлекет басшысы өз мақаласына арқау етіп, қасиеттілікті халық тарихына пайымдап, біз бен сізге ұсынып отыр.
Өз мақаласында жеті қырды ұлы дала жұртшылығына жеткізуде Елбасы Н.Назарбаев алдымен атқа міну мәдениетінен бастады. «Ер қанаты – ат» — деген қазақ ұғымына ұлы даладан тараған тұлпардың мәдениеттілігі жат дүние емес. Сонау ежелден ата – баба қоныс аударып, шаруашылығын қайырып аттың әбзелінде ойнатқаны ешкімгеде жасырын болмайды. Ұлы даладағы ежелгі металлургия, ол металл өндірудің амал-тәсілдерін табу тарихтың жаңа кезеңіне жол ашып, адамзат дамуының барысын түбегейлі өзгерткенін жеткізді. «Аң стилі» феномені әлемдік өнердегі биік белестердің бірі деп атап өткені де бекер емес. Біздің ата – бабамыз табиғатты жатсынбай, қоршаған ортамен тығыз өмір сүрген өйткені. Әлемдік сенсация саналған алтын адам мүсінінің де тарихта ойып алар орны ерекше. Түркі әлемінің ортасында Қазақстан экономикалық, саяси және мәдениет тұрғысынан ерекше өшпес із қалдырғаны тағы бар. Біздің кең байтақ ұлы жеріміз қай мақаланың болмасын тақырыбынан тысқары қалған емес. Бұл туралы, «Еуразия құрлығының кіндігінде орналасуы ежелден әртүрлі мемлекеттер мен өркениеттер арасында транзиттік «дәліздердің» пайда болуына септігін тигізді» — делінген мақалада. Сонымен қатар Қазақстан бүкіл әлем үшін өзіндік маңызы бар алма мен қызғалдақ өсімдігінің отаны деп мақтанышпен жазылған. Өзіміз оқып білгендей мақаланың мақсаты анық. Тарихи атау мен тарихи құндылық ол еш уақытта ескірмейтін дүние. Сананы, рухты жаңғыртып, тарихымызды асқақтатуда еліміздің алар белестері көп болғай!
АҚСУ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ
Құрмет Досжан