ЖАҚСЫЛЫҚ ҮШКЕМПІРОВТЫ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИР

АҢЫЗ АДАМ — ЖАҚСЫЛЫҚ ҮШКЕМПІРОВ

Қарқындылық, шапшаңдық, екпін, төзімділік — қазақша күресте жеңіске жетуге қажетті қасиеттер. Дәл осы қасиеттер, әйгілі Жақсылық Үшкемпіровтің грек-рим күресінен Олимпиада чемпи­оны болуына көмектесті. Мәскеу, 1980 жылы Үшкемпіровтің талантына қарсы тұра алма­ды. Нұр-Сұлтан қаласындағы Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға және Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған жасөспірімдер ара­сында 23 — 25 казанда еркін күрестен Республикалық турнир өтті. Жарысқа еліміздің барлық аймағынан 600-ге жуық спортшы қатысты. Екі күн бойы 6-13 жас аралығындағы жас балуандар боз кілемде белдесті. Жарыс ұлдар арасында 25 салмақта өтті.

Турнирдің салтанатты ашылу рәсіміне Нұр-Сұлтан қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Са­мат Ерғалиев, Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайының директоры Жандос Үшкемпіров, Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері Гюзель Манюрова, еркін күрестен ұлттық құраманың бас бапкері Әсет Серікбаев, еркін күрестен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Нұрлан Бекжанов қатысып, болашақ чемпиондарға сәттілік тіледі. Аталмыш жарыс биыл

бірінші рет ұйымдастырылды. Міне, спорт саласындағы жарыстардың қатарына енді грек-рим күресінен Қазақстаннан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, әлем біріншілігінің жеңімпазы және бірқатар халықаралық жарыста ел на­мысын абыроймен қорғаған Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған халықаралық турнир қосылды.

«Өзімнен кейін күрес түрлерінен қазақтан шыққан Олимпиада чемпионын көріп кетсем, арманым жоқ еді»,-деп көзі тірісінде айтып, кейіннен бұл арманын соңынан ерген балуандарға аманаттап кет­кен даңқты балуан Жақсылық Үшкемпіров былтыр дүниеден өткен еді.

Жалпы командалық есеп­те 8 алтын жүлдемен Ақмола облысының жасөспірімдері бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орын Алматы облысы. Жетісулықтар еншісінде – 7 ал­тын. Оның қатарына Облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, Ақсу аудандық филиалының еркін күрес бөлімінің жаттықтырушысы Азамат Төлеуханов пен Ал­мас Тұрғанбаевтың шәкірттері үздік өнер көрсете алды. 22 келі салмақ дәрежесінде Төкен Ерхат қарсылас шақ келтірмей жүлделі І-ші орынды, ал Дәулетқожа Ера­сыл ІІІ-ші орынды өз қанжығасы-на байлады.

Үздік үштікті 3 алтын жүлдемен Жамбыл облы­сы қорытындылады. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлер кубок, медаль және «Алғыс хаттарымен» марапатталды. Республикалық турнир Нұр-Сұлтан қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы мен «Qairat Top team» клубының ұйымдастыруымен өтті.

Назым НҰРТАЙҚЫЗЫ.

Мәліметпен бөлісу: