Аудандық мәслихат хатшысы Сүлейменов Бейбіт Жаңылысұлының демеушілігімен жақында жерлесіміз, ақын Әбілқашев Болатбек Күмісбекұлының «Ақсудан ұшқан Ақсұңқар» атты жаңа кітабы жарық көрген болатын. Ол туралы газетіміздің өткен санында көлемді мақала жаздық. Жуырда сол кітаптың тұсаукесері болып өтті.
Тұсау кесу – қазақтың өмір сапарының сәтті болуы үшін ақ ниетпен жасаған ырымы, ендеше:
Ұлы дала. Желбіреген байрағы,
Құт дарыған – өнер, бұлақ қайнары.
Ұлықталған ұлы есімге толы өлке,
Жер жәннаты – Жетісудың аймағы.
Тау суындай мөлдір таза көңілі,
Шежірелі тарих толы өмірі.
Бабалардан бақ дарытып, құт қонған,
Асыл өлкем – киелі Ақсу өңірі.
Иә, биыл бабалардан бақ дарытып, құт қонған киелі ауданымыздың 90 жылдығы қарсаңында жарық көріп отырған бұл кітабының тұсау кесерін де автордың өз өлеңмен бастағанды жөн көрдік.
Мен ақсулық болғаныма мақтанам
Мен – «Құлагер» Ақан Сері баптаған.
Жырларында найзағайдың оты бар,
Мен – Ілияс, Алашымды ақтаған.
Мен – Ақсумын, толқын ұрған жағаға,
Айдынында қалқып ұшқан шағала.
Мен Жансүгір ауылының тұрғыны,
Көріктенген, көрік берген далаға.
Мен – Молықбай, қобыз тартып елде өткен,
Тыңдаған жұрт – көздің жасын көлдеткен.
Абақтыда бақилық боп кетсе де,
Атақ – даңқы әуелеген жер – көктен.
Дәл осылай артық тұрған басқадан,
Болашаққа батыл қадам бастаған.
Қасиетті топырағына бас иіп,
Мен ақсулық болғаныма мақтанам!
Бәріміз де ақсулық болғанымыз үшін мақтанамыз. Қасиетті бұл өлкеден қаншама дарынды тұлғалар жарқырап шықты. Міне Болатбек Күмісбекұлы да сол дарындардың көшіне ерген кейінгі толқындардың бірі.
Ақынның бұл кітабында «Қобызшы» деректі дастаны мен «Ар — Намыс» поэмасы және соңғы он жыл көлемінде аудандық «Ақсу өңірі» газетінде жарық көрген біраз өлеңдері мен үш мақаласы енгізіліп отыр. Шығармалары терең мағыналы, қоғамдық – әлеуметтік тақырыптарға, сезім сырларына негізделген.
Жақсылық іс – жақсылардан тараған,
Жанашыр боп, жақынындай қараған.
Ақсулықтар «Атымтай» деп білетін,
Бейбіт аға жомарт адам, нар адам.
Желеп – жебеп жетім, жесір мұқтажды,
Ауылдастың қамын ойлап, қыс – жазы.
Қарлығаштың қанатындай аялап,
Демеушілік еткен көп қой тұстары – деп ақын өзі жырға қосқандай, кітаптың шығуына демеушілік жасаған ауданымыздың беделді азаматы, аудандық мәслихат хатшысы Сүлейменов Бейбіт Жаңылысұлына тағы бір мәрте алғыс білдіріп қояйық…
Сонымен салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Есжанов Ғазиз Отарбайұлы құттықтау сөз сөйлеп, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтбаев Амантай атамыз батасын берді. Кітаптың лентасы қиылып, аудандық орталық кітапханаға 25 кітап (әр ауылдық кітапханаларға бірден) тапсырылды.
Енді аудан орталығындағы үш мектептің кітапханаларына да бір — бір кітаптан сыйламақшымыз.
Кітап өткен жылы Ілияс атамыздың 125 жылдығына бас-талып, биыл ауданымыздың 90 жылдық мерекесі қарсаңында оқырман қауымға жол тартты. Б.К.Әбілқашевтың өлең жазуға деген шынайы ынтық сезімінен туған бұл өлеңдер топтамасында негізінен ауыл өмірі, қазіргі заман талабына сай қоршаған орта, қоғам тірлігі, еліміздің «Рухани жаңғыру» тақырыптары шама — шарқынша терең қамтылған.
Сондай-ақ, Ұлы дала, Ұлы даланың Ұлы тұлғалары да тілге арқау болған және осы жинақ ауданымыздың 90 жылдығына орай шығарылып отырғандықтан кітаптың алғашқы бөлімі «Мен ақсулық болғаныма мақтанам» деп басталып, осы ауданның асыл перзенті, Алаш арыстарының бірі, күллі қазақ руханиятының мақтанышы, көрнекті тұлға Ілияс Жансүгіровке арналған ой толғаулары сөз етіледі. Өз түсінігінше Абайдан соңғы Ұлы ақын деп санаған І.Жансүгіровтің өкіл әкесі Молықбай қобызшымен Ілияс арасындағы өзара қарым қатынасты терең қамтыған деректі дастан «Қобызшы» мен «Ар — намыс» поэмасы келешек ұрпаққа үлкен тәрбие берері сөзсіз.
Шығармалары терең ой, шымыр ұйқастарға құралған. Ендеше кітап оқырмандарын табар деген сенімдеміз.
Ербол Сымханов.