Жаңа Конституция – денсаулық сақтау жүйесін дамытудың жаңа кезеңі

Жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституция еліміздің саяси жүйесін жаңғыртуға, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды тарихи құжат болды.

Ата Заңда адамның өмірі мен денсаулығы мемлекеттің ең жоғары құндылықтарының бірі ретінде айқындалған. Бұл қағидат денсаулық сақтау саласын одан әрі дамытуға, сапалы әрі қолжетімді медициналық көмекті қамтамасыз етуге, профилактикалық бағытты күшейтуге және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға берік негіз қалайды.

Қазіргі таңда денсаулық сақтау жүйесінде жүргізіліп жатқан реформалар азаматтардың қажеттілігіне бағдарланған медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған. Алғашқы медициналық-санитариялық көмекті жетілдіру, аурулардың алдын алу шараларын күшейту, цифрлық технологияларды енгізу, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңарту және медицина қызметкерлерінің кәсіби әлеуетін нығайту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Жаңа конституциялық қағидаттар мемлекеттік органдардың халық алдындағы жауапкершілігін күшейтіп, әлеуметтік саланың, соның ішінде денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде медициналық көмектің сапасын жақсартуға, заманауи диагностика мен емдеу әдістерін кеңінен енгізуге және әрбір азаматтың денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды қадам.

Жаңа Конституция – еліміздің тұрақты дамуының берік негізі. Денсаулық сақтау саласын жетілдіру арқылы халықтың әл-ауқатын арттыру, ұлт саулығын нығайту және әрбір азаматтың сапалы медициналық көмек алуына жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі болып қала береді.

Байқадам Болатұлы
ШЖҚ “ Ақсу аудандық орталық ауруханасы” МКК директоры

Мәліметпен бөлісу: