Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауындағы
Сапалы жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандырудың әділетті жүйесі. Еңбек нарығының тиімділігін қамтамасыз етіп, әрбір адамның өз әлеуетін іске асыра алуы үшін жағдай жасаудың маңызы зор.
Барлық негізгі мамандық бойынша заманауи стандарттар әзірлеу. Бұл стандарттарда жұмыс берушілер мен бизнесмендер еңбеккерлердің білімі, қабілеті мен құзыретінің қандай болуы қажеттігін нақты белгіледі.
Өзін — өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар экономикалық өсімнің резерві саналады. Адамдарды нәтижелі жұмысқа тарту үшін көбірек мүмкіндік беріп, олардың жеке кәсібін бастауына немесе жаңа мамандық алып, жұмысқа орналасуына жағдай жасау керек. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бизнесті үйрету жөніндегі жұмыстары қолдауға тұрарлық.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында оның құралдарын нығайта отырып, халықтың осы санаттарын кеңінен тарту қажет делінген. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды тіркеу үдерісін мейлінше жеңілдетіп, оларға мемлекет алдындағы міндеттерін адал атқару тиімді болатындай жағдай туғызу қажет. Қазақстандықтардың жаңа жұмыс орнын салыстырмалы түрде тезірек иеленуге, соның ішінде еліміздің басқа да елді мекендерінен жұмыс табуға мүмкіндігі болуға тиіс.
Бірыңғай электрондық еңбек биржасын кең ауқымда енгізу қажет. Онда бос жұмыс орындары мен жұмыс іздеушілер туралы барлық ақпарат жинақталуға тиіс. Азаматтар үйлерінен шықпай-ақ кәсіби бағдарлы тест тапсырып, оқу курстары мен мемлекеттік қолдау шаралары туралы біліп, өзін қызықтыратын жұмыс таба алатын болады. Электрондық еңбек биржасы туралы заң 2018 жылғы 1 сәуірде күшіне еніп, электронды еңбек биржасы арқылы жұмыс жасалуда.
Электрондық еңбек биржасының артықшылықтары және оның функциялары жөнінде Ақсу ауданы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Баян Дәулеткелдіқызы айтып берді. Осыған орай Баян Құрманғалиевамен кездесіп, шағын сұхбат алудың реті келді.
Сұрақ: Электрондық еңбек биржасы дегеніміз не және ол не үшін құрылды?
Жауап: — Электрондық еңбек биржасы – бос жұмыс орындары және түйіндемелерді ақысыз негізде жариялап, жұмысқа орналасуға мүмкіндік беретін бірыңғай цифрлік алаң. Электрондық биржа www.enbek.kz интернет-ресурсының базасында қызмет жасайды. Бұған дейін мекемелер штаттағы жұмысшылар санын кеңейту немесе қысқарту жоспарлары жөнінде мемлекетке хабарлап отыру үшін Халықты жұмыспен қамту орталығының көмегіне жүгінуі қажет болатын. Енді бұл жұмыс портал арқылы жүргізілетіндіктен, бизнестің қызметін жеңілдетуге және әкімшілік кедергілерді алып тастауға мүмкіндік пайда болып отыр. Сондай-ақ, электрондық еңбек биржасы бос жұмыс орындары мен жұмыс іздеушілер туралы бүкіл деректі бір сайт ішінде біріктіруге көмектеседі.
Сұрақ: Электрондық еңбек биржасын қалай қолдану керек?
Жауап: — Электрондық еңбек биржасына кіріп тіркеліңіз. Тіркеу формасын толтырып, электронды почтаңызды растаңыз. Сіз үшін «Жеке кабинет» ашылады. Өзіңіздің логин мен пароліңізді жаттап алыңыз! Ол сізге электрондық еңбек биржасына кіруге және бос жұмыс орындарын тіркеуге керек. «Жеке кабинетіңізде» ұйымыңыз жайлы толық ақпаратты шығарыңыз. Электрондық еңбек биржасына шығарған мәліметіңізді растау үшін Сізге электронды сандық қол керек болады.
Сұрақ: «Жеке кабинет» деген не?
Жауап: — Бұл сіздің ұйымыңыз жайлы, бұрын берген бос жұмыс орындары туралы мәлімет сақталатын жеке парақшаңыз.
Сұрақ: Бос жұмыс орны жайлы мәліметті қалай шығару керек?
Жауап: — «Жеке кабинетіңізге» кіріңіз. «Бос жұмыс орын жайлы мәлімет қосу» тетігін басыңыз. Керекті хабарландыруды жазып, мәліметті сақтаңыз. Мәліметті сақтаған бетте, ол биржа қолданушыларына бірден шығады. Биржа қолданушыларының жіберген түйіндемелері бос жұмыс орындары талаптарына сай болса келесі жұмыс күні жұмысқа қабылдауға болады. Бос жұмыс орындары жайлы барлық хабарландырулар «Жеке кабинетіңізде» сақталады. Жарияланған мәліметтің биржада хабарландырылуы – 30 күнге дейін, егер осы аралықта бос жұмыс орнына сай келетін түйіндеме болмаса, бос жұмыс орны жайлы мәлімет жабылады.
Сұрақ: Электрондық еңбек биржасында жұмыскерді қалай табу керек?
Жауап: — Бұл электрондық еңбек биржасында Сіз жұмыс іздеушілер туралы толық ақпаратты көруге мүмкіндік аласыз. Жұмыс іздеушінің түйіндемесін шығарып, көру режиміне қоя аласыз. Жұмыс іздеуші бос жұмыс орны бар екенін көрген соң, Сізге жауап ретінде өзінің түйіндемесін жібереді. Жұмыс іздеушілердің барлық пікірлері Сіздің «Жеке кабинетіңізге» келіп түседі. Өзіңізге келетін үміткерді таңдап алып, «Шақырту жіберу» тетігіне басып, әңгімелесуге шақыра аласыз.
Сұрақ: Осы уақытқа дейін қанша адам еңбек биржасы арқылы жұмысқа орналасты?
Жауап: — Қорыта келе электронды еңбек биржасына бос жұмыс орны жайлы мәлімет беріліп нәтижесінде — 442 адам Кәсіпорындарға, мекемелерге, шаруа қожалықтарына, жеке кәсіпкерлерге жұмысқа орналасты.
Электрондық еңбек биржасы туралы қосымша ақпаратты мына мекен – жайдан біле аласыздар: Жансүгіров ауылы, Желтоқсан көшесі, №5 үй, 3 қабат, №3, 5, 7, 8 кабинеттер, байланыс телефондары: 2-15-29, 2-14-87.
— Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбатты жүргізген:
Ләззат ҚАСЫМБЕКОВА,
аудандық «Ақсу өңірі» газетінің
жауапты хатшысы.