Жұмбақ сыр

Кеше «WhatsApp» желісінен «Бірде бір әйел үйіне қайтып бара жатып, көшеден қолына шыбық алып, жер сызып отырған бір баланы көреді. Қасынан өтіп бара жатып, қызықтап:

– Балақай, не істеп отырсың? – деп сұрайды. Бала да:

– Жәннатты телімдеп сатып отырмын,-деп жауап береді. Баланың жауабына риза бо­лып, езу тартқан әйел:

– Маған да Жәннаттан бір жер телімін берсең қайтеді? Қанша тұрады?-деп сұрайды әйел.

– Екі мың теңге, әпке, – дейді бала.

Әйел де балаға 2000 теңге ұстатып, өз жолына кете бара­ды.

Әйел үйіне келеді. Жолдағы оқиғаны баяғыда ұмытып кет­кен. Сол күні әйел түс көреді. Түсінде… Жәннатта жүр екен.

Ертесі күні түсін күйеуіне айтып береді. Күйеуі дереу баланың отырған жеріне бара­ды.

Барса, бала дәл сол жерде жерге бірдеңелер сызып отыр екен. Адам да балаға тура әйелінің сұрағын қояды.

– Не істеп отырсың?

Бала әйеліне жауап берген жауапты айтады. Адам:

– Маған да Жәннаттан бір жер телімін берсең қайтеді, қанша тұрады? – деп сұрайды.

Бала:

– Мың триллион теңге, – деп жауап береді.

– Не деп тұрсың сен? Әйеліме 2000 теңге депсің ғой?

Бала:

– Алайда, әйелің ол ақшаны Жәннатты алу үшін емес, көңілімді табу үшін берді, – дейді. – Сен Жәннатты осын­шама арзан деп ойладың ба? Жәннат арзан да емес, қымбат та емес. Жәннат алу – көңіл табудан болады, – деп жауап береді бала.

Осы хикаядан кейін Мәулананың мына сөзі ойға оралады:

«Қағба — Әзердің ұлы Ибраһимнің қалаған ғимараты. Ал көңіл болса, Раббым Алла Тағаланың назары түсетін мекені. Сол себепті, біреудің көңілін бұзу мың Қағбаны қиратудан да жаман».

Көңілдерді қалдырмайық… Көңілдерді жаулайық… Бір-ақ рет берілетін өмірде бір-бірімізді ренжітпейік, ағайын!» деген әңгіме оқыдым. Менің жазғалы отырған мақаламның тұздығын желіден тауып, ойымды осылай бастағанды жөн санадым. Иә, «Жәннат алу – көңіл табудан басталады»,-десек, талай есікті жауып, көңілдерді мұң торлаған осы бір қиын – қыстау кезеңде «Біз Сіздермен біргеміз!» деп сол көңілдерге қуаныш сый­лап жатқан азаматтарымыз аз емес. Сондай азаматтардың бірі, «Туған жеріне туын тігіп жүрген» — Нұрбаев Молдияр ағамыз.

Молдияр Қылшықұлының ауылдастарының көңілін көтеру үшін жасап жатқан жақсылықтары шаш етек­тен. «Жақсылықты жасасаң көрсетпей жаса»,-деп ағамыз көп нәрсені жасырып қалғанды ұнататын азамат. Бірақ «көрген көзде жазық жоқ»,-демекші журналистердің көзі барлығын да көріп тұратыны бар. «Ауызға келген түкірік – қайта жұтсаң мәкүрік»,-болатындай біз көзіміз көрген жақсылық болсын, жамандық болсын айтуға, жазуға міндеттіміз. Өйткені, айтылмаған, айтылып тыңдалмаған сөз жетім қалады. Жақсының жақсылығын айту біз үшін бір мәртебе. Сонымен Молдияр Қылшықұлы алдымен «Қуанса – бала қуансын»,-деп талай жылдық тарихы бар, өзі оқыған «Мамания» мектебін күрделі жөндеуден өткізуден бастады. Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Болашакқа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы, «Туған жер» бағдарламасы аясын­да iске асқан игілікті шара­ны өз кезегінде жарқыратып айттық та. Оған қанша қаражат кеткенін айтпай – ақ қояйық, тек бұрынғы мектеп пен қазіргі мектептің айырмашылығын ғана сөз етейік. Шатырын, есік – терезелерін, жылу жүйесін ғана тілге тиек еткеннің өзінде Молдияр Қылшықұлы мектептің барлық сыртқы 168 терезелерін жаңа пластикалық терезелер­ге ауыстырып, жылу жүйесін толық күрделі жендеуден өткізіп, өзі оқыған математика және ағылшын тілі кабинеттерін ашып берді. Қазір мектепке кірсең денеңмен бірге көңілің де жыли­тыны шындық. Оған оқушылар да, ата – аналар да, мектеп ұжымы да риза.

Ауылға бақша суғару үшін су келмейтін. Оны да өз қолына алып, жеті шақырым жер тоғанды тазалатып берді. Ендігі шаруа ауылдың береке – бірлігінде.

Былтырғы Ілияс атамыздың 125 жылдық мерейтойында ау­дан орталығына жыр дүлдүлінің аяғымен тұрған үлкен ескерткішін орнатып бергенінің өзі бір ауыз толтырып айтатын әңгіме.

Енді өткен жұмада тағы бір игі шараның куәсі болып қайттық. Елімізге келген індетке байла­нысты карантин жарияланып, жағдай күрт ауырлағанда тағы да туған ауылының көңілін көтеру үшін екі «Камаз» автокөлігімен күнделікті тұтынатын азық – түлік жеткізіп берді. Оның да қаражатын көрсетпеуді өтініпті. Дегенмен халықтың көзі ашық, көкірегі ояу емес пе. Барлығын да жүректерімен сезіп тұр. Қанша қаражат кеткенін айтпай – ақ, бір жұмбақ жасырайын. Шешімін оқырман өзі тауып алар. Ақсу ауылдық округіне қарасты Ақсу, Өнім, Ақын Сара, Көкжайдақ ауылдарындағы 200 отбасы­на бір қап ұн, (50 келе) бір қап күріш, бір қап қант, (25 келеден) бір қап макорон өнімі, бес литр май, бір қорап шай (Чемпион) алып келіпті. Ал енді күнделікті үйіне базардан, дүкендерден азық — түлік алып жүрген оқырман әрқайсысының бағасы қанша екенін жатқа білетін шығар. Енді оның әрқайсысын екі жүзге көбейтіп, бір біріне қоса салыңыздар. Әкелінген тауарлар ауылдық мешіттің қатымханасына түсіріліп, сол күні «# biz birgemiz» айдарымен тара­тылды.

Енді Молдияр ағамыздың өзіне келетін болсақ, ол кісі туралы осымен үшінші мақаламды жазып отырмын. Мектепке көрсеткен демеушілігі үшін былтыр ғана «Ақсу ауданының Құрметті аза­маты» атағына ие болған. 1 кыркүйек — Білім күні «Мамания» орта мектебінің қайта күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілуі салтанатында кеудесіне «Жомарт жүрек» төсбелгісін тақты. Мұнан басқа да дәрежелі атақтары бар болса да, туған жерінен алған Құрмет Молди­яр ағамыз үшін бәрінен қымбат болғанын өзі айтып еді. Әйтпесе aғамыздың бұдан басқа да жетістіктері баршылық. Алма­ты облысының «Құрметті азама­ты», Талғар, Қарасай, Жамбыл, Ақсу аудандарының «Құрметті азаматы», Республикамыздың жоғарғы наградасы «Құрмет» жене «Парасат» Орденінің, «Алтын жүрек» сыйлығының иегері.

Оған қоса мен былтырғы жылғы мақаламда «Молди­яр ағамыз қазақ балалары оқысын, cayатты болсын, білім алсын деп ез қаражатына ең алғаш білім ошағын тұрғызған Маман ұрпақтарының ізін жалғаушы десек артық айт­паймыз. Ағамыз жай демеуші емес нағыз меценат деп айта аламыз. Меценат ғылым мен өнердің дамуына eрікті және ақысыз негізде үлес қосатын, оларға жеке қаражат eсебінен көмек көрсететін адам.

Иә, қанша байлықты жинасаң да ертең оны өзіңмен бірге алып кетпейтінін шындық. Ал, сол қолда барды жақсы игілікті істерге жұмсап, ел ықыласына бөленіп алған алғыс пен абы­рой мәңгі қалатыны сөзсіз. Ендеше, Молдияр Нұрбаев ауданымыздағы Маман Тұрысбектен кейінгі екінші адам болып тарихта қалатыны да рас» — деп жазған едім. Оны барлық ақсулықтар, жерлестері оқыды. Растады. Міне, осындай алтын жүректі, жомарт жүректі ағамыз үшін мұндай азық – түлік тарату жаңалық емес еді. Оны туған ауылының халқы күткен де болатын. Ел үміті ақталған күнді менің өзім бір ертегіге ұқсаттым. Бірақ шындыққа айналған ертегі. Мүмкін таратылған ұнның әсері ма екен. Себебі, арқалап түсіріп жатқан ұнға көзім түскенде «Сказ­ка» деген жазуға көзім түсті. «Жетісу» арнасынан түсіріп тұрған әріптесімді «Ертегілер елінен келген сыйлықтар ғой деймін»,-деп күлдіріп қойдым. Президент Қасым – Жомарт Тоқаев: «Мен ел тағдырына жаны ашитын әрбір азаматқа зор сенім артамын. Қазақстан ортақ шаңырағымыз. Мен бәріңізді мерейлі мекенімізді өркендетуге үлес қосуға шақырамын»,-деген екен. Ен­деше ел тағдырына жаны аши­тын осындай азаматтарымыз көп болғай.

Ербол СЫМХАНОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Мәліметпен бөлісу: