Цифрлық әлемге қатысу соңғы екі онжылдықтан аса уақытта қарқынды дамып келеді. Бар-жоғы он жыл бұрын бұл – ұялы телефон нөміріне, электронды пошта мекенжайына, бәлкім дербес веб-сайтқа немесе MySpace желісіндегі парақшаға қол жеткізу дегенді ғана білдіретін. Бүгінде адамдардың цифрлық технологияға қатысуы – олардың цифрлық технологиялармен өзара қатынасы дегенді білдіреді.
Қазір бесікте жатқан баланы жұбату үшін қолына ұялы телефонды ұстата салатын болдық. Олар ол жерде жазылған сөздерді оқи алмаса да оның қандай қызмет атқаратынын бізден, яғни үлкендерден жақсы түсінеді. Телефонның бетін кішкентай саусақтарымен сипалап отырып өздеріне керекті дүниелерді өздері тауып алады. Тіпті телефонымыздың бір жері істемей қалса сол кішкентайларға бере салсаң қайтадан қалпына келтіріп алатынына таң қаласың. Оқып туғандар ғой.
Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты ел халқына Жолдауында тұрақты даму үшін жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізудің маңызын атап өтті. Осыған байланысты, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бірнеше маңызды бастамаларды жүзеге асыруда.
Болашақ жастардың қолында. Бүгінде БҰҰ бағалауы бойынша Қазақстан цифрландыру саласында ілгері жетістіктерді көрсетіп, еліміз 193 мемлекет арасында 24-ші орынды иеленіп, сондай-ақ онлайн-қызметтер индексі бойынша 10 көшбасшының қатарына кіріп тұр екенбіз. Телефон ұстау балаларға қаншалықты зиян десек те заман талабы сол. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» демей ме атам қазақ. Бүгінде бесікте жатып телефон шұқыған сәбилер ертең елімізді алдыңғы қатардан көрсететіндігіне кәміл сенеміз.
Амангелді АЙТБАЕВ,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Ақсу ауданының «Құрметті азаматы».