
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру жөніндегі республикалық штабтың отырысын өткізді. Жиында Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, ішкі істер министрі Ержан Сәденов, сондай-ақ Бас прокуратура, Әділет, Оқу-ағарту, Жасанды интеллект және цифрландыру министрліктерінің басшылығы, бірқатар өңір әкімдері баяндама жасады.
Отырыс барысында есірткі қылмысымен күрес, цифрлық шешімдерді пайдалана отырып, заңсыз есірткі айналымына қарсы тетіктерді жетілдіру, сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасында нашақорлықтың және жастардың есірткі қылмысына тартылуының алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар қаралды. Бұл ретте жаз мезгіліндегі профилактикалық шараларға ерекше назар аударылды.
Олжас Бектенов есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл мәселесі Мемлекет басшысының ерекше назарында екенін атап өтіп, есірткі таратуға қарсы заманауи тәсілдерді ескере отырып, бұл бағыттағы жұмысты одан әрі күшейту қажет екенін баса айтты.
— деп атап өтті Олжас Бектенов.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов нашақорлыққа қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар аясында 71 іс-шара жүзеге асырылғанын баяндады. Нәтижесінде:
🟦1,2 мыңнан астам есірткі қылмысының жолы кесілді;
🟦6 ұйымдасқан қылмыстық топ, оның ішінде бір трансұлттық топ жойылды;
🟦«Киберқадағалау» жүйесі арқылы 5 мың интернет-ресурс бұғатталды;
🟦антифрод орталығының көмегімен 100 млн теңгеден астам сомаға транзакциялар тоқтатылды;
🟦бір жарым тоннаға жуық синтетикалық есірткі тәркіленді, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп, сондай-ақ 11 мыңнан астам прекурсор (әлеуетті 1,5 мың синтетикалық есірткі) тәркіленді;
🟦күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қатысты 100-ге жуық дерек анықталды;
құрамында азот тотығы бар, «көңілді көтеретін газ» атауымен белгілі 1,5 мыңнан астам баллон және 2 автоцистерна тәркіленді.
Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева кешенді жұмыстар бірнеше бағыт бойынша жүргізіліп жатқанын және «Заң мен тәртіп» қағидатына негізделгенін баяндады. Жергілікті атқарушы органдардың нашақорлыққа қарсы күресті қамтитын қоғамдық қауіпсіздіктің негізгі бағыттары бойынша ақпараттық белсенділігіне мониторинг жүргізілуде. Осы жылдың басынан бері әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде 4,5 мыңнан астам заңсыз материалдар жойылған. Жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып есірткі заттарына қатысты вирустық контенттерді анықтайтын «MERGEN» жобасы аясында 22 мыңнан астам цифрлық контент өңделіп, 6,1 мыңнан астам есірткі дүкендері бұғатталған. Бұл жастардың желідегі есірткіні насихаттаумен байланысты ақпараттарға тап болуын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік берді.
Есірткіні онлайн сатуға қарсы іс-қимыл, көлеңкелі қаржы ағындарын анықтау және мемлекетаралық цифрлық платформа құру жөніндегі шараларға да назар аударылды.
Бас прокурордың орынбасары Ерлан Өтегенов мониторинг жүргізуді, деректерді талдамалық өңдеуді және ведомствоаралық ақпарат алмасуды жүзеге асыратын Ұлттық ведомствоаралық Таргетинг-орталықтың жұмысы туралы баяндады. Орталық құрылғаннан бері (2025 жылдың қазан айында ашылған) ІІМ-ге прекурсорларды заңсыз әкелумен және олардың айналымы тәуекелдерімен байланысты 78 факт бойынша материалдар, 33 есірткі қаупі туралы хабарлама жіберілген, 23 лицензиялық-рұқсат беру құжаты қайтарып алынған. Нәтижесінде айналымнан 23,3 тонна прекурсорлар шығарылды. Жалпы алғанда, бұл жұмыстар қаржылық цифрлық арналарды бұғаттаудың тиімділігін арттыруға, сондай-ақ уәкілетті органдардың келісілген ден қою қимылын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Заңнамалық база жетілдіріліп жатыр. Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев 2025 жылдан бастап есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысты бірқатар қылмыстық құқық бұзушылық үшін жаза қатаңдатылатынын, сондай-ақ есірткі құралдарын медициналық мақсаттан тыс тұтынғаны үшін әкімшілік жаза қолданылатынын баяндады. Қолданыстағы тізбеге 94 атау кіреді. Қазіргі уақытта бірқатар күшті әсер ететін заттарға және сараптама жүргізуге арналған жаңа әдістер әзірленуде.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы арқылы құқықтық тәрбие беру, қаржылық жауапкершілікті қалыптастыру және азаматтық белсенділікті дамыту жөніндегі шаралар жүзеге асырылып жатқанын баяндады. Мектептерде «қауіпсіздік сабақтары» енгізілді, онда оқушылармен алкогольді, темекіні, психоактивті заттар мен есірткіні қолдану мен таратудың алдын алу мәселелері талқыланады. Білім беру ұйымдарында профилактикалық жұмысқа сынып жетекшілерін, тәрбиешілерді, педагог-психологтар мен әлеуметтік педагогтарды қоса алғанда 360 мыңнан астам педагог тартылған. Тәуекел тобындағы отбасылармен өзара әрекеттесуге ерекше назар аударылады. Барлық мектептерде ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары жұмыс істейді, олар үшін 3,5 млн адам қамтылған 315 мың іс-шара өткізілді.
