Қоғамның тұрақты дамуы мен ел ішіндегі тыныштықтың басты кепілі – заң мен тәртіп. Заң үстемдік құрған жерде әділдік орнап, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары қорғалады. Сондықтан заң талаптарын сақтау – әрбір азаматтың қоғам алдындағы жауапкершілігі.
«Заң мен тәртіп» қағидаты – тек құқық қорғау органдарының жұмысына қатысты ұғым емес. Бұл – баршаға ортақ өмірлік ұстаным. Көшеде, қоғамдық орындарда, жол қозғалысында, күнделікті тұрмыста заң талаптарын орындау арқылы біз қоғамдағы қауіпсіздік пен өзара сыйластықты қалыптастырамыз.
Қазіргі таңда қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында Сарқан қалалық ардагерлер ұйымы тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Әсіресе жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңызы зор. Өйткені заңды құрметтеу отбасындағы тәрбиеден басталып, білім беру ұйымдарында жалғасын табады.
Құқық бұзушылықтың алдын алу – тек жауапты мекемелердің ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Әрбір тұрғын өз ісіне жауапкершілікпен қарап, заң талаптарын сақтап, айналасындағыларға үлгі болуы тиіс. Қоғамдық орындарды бүлдірмеу, жол ережесін бұзбау, өзгенің құқығына құрметпен қарау – тәртіпті қоғамның қарапайым көріністері.
Заңды білу – міндет болса, оны сақтау – азаматтық парыз. Сондықтан «Заң мен тәртіп» қағидатын күнделікті өміріміздің берік ұстанымына айналдырайық. Заңға құрметпен қарап, тәртіпті сақтау арқылы қауіпсіз әрі әділетті қоғам қалыптастыруға әрқайсымыз үлес қоса аламыз.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «біз темірдей тәртіптің, жоғары жауапкершіліктің және қажырлы еңбектің арқасында көп ұзамай ауылдарымыз бен қалаларымыздың келбетін түбегейлі өзгертеміз. Ортақ мекеніміз – Қазақстан Республикасын бұдан да қуатты, бұдан да тартымды елге айналдырамыз.
Біз «Заң мен Тәртіп» қағидатына бағына отырып, адал еңбек ету арқылы көздеген мақсаттарымызға міндетті түрде қол жеткіземіз және келер ұрпаққа лайықты мұра қалдырамыз.
Бұған дейін бірнеше мәрте айттым, тағы да қайталаймын: бұрын-соңды болмаған жаһандық сын-қатерлер кезеңінде елдің бірлігі мен қоғамның әлеуметтік тұғырын барынша нығайта түсуіміз қажет»,-деп дәл қазіргідей кезде заң мен тәртіп қағидатын барынша ілгерілету, сақтау қажеттігін қадағалап айтты. Біздің бұған алып-қосарымыз жоқ.
Әлібек ЕРБОЛАЕВ,
Сарқан қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы.
