Қызылағаш апатына 10 жыл!

Тура осыдан 10 жыл бұрын Қызылағаш ауылы су тасқынына кетіп күллі алаштың қабырғасын қайыстырған еді. «Орнында бар оңалар»,-дегендей Елбасымыздың тікелей тапсырмасының арқасында және облыс, аудан басшыларының жар құлағы жастыққа тимей жұмыс атқаруы һәм халқымыздың береке — бірлігінің арқасында атал­мыш ауыл қайтадан түледі.

Қазалы күннің 10 жыл толуына орай облыс әкімі Амандық Баталов бастаған облыс басшылары арнайы келіп, ескерткіш басына гүл шоқтарын қойып, сол апатта шайыт болған құрбандар рухына құрбан шалып, құран бағыштатты. Сондай – ақ, Жансүгіров атындағы орта мектебінде Қызылағаш ауылы жайында деректі фильм көрсетілді.

Ескерткіш басында сөз алған Амандық Ғаббасұлы сол бір қиын қыстау күндердегі көзімен көрген жағдайларға қысқаша тоқталды. Аудандық Қоғамдық Кеңестің төрағасы Сәбит Бейсебекұлы және ауылдық Ардагерлер Кеңесінің төрағасы Әлқұмар Ыдыры­совтар атқарылған шаруаларға тоқтала келіп, ел — жұртқа алғыстарын білдірді.

Естеріңізге сала кетер болсақ, апат кезінде Жалпы саны 70-ке тарта компания 500-ден аса жеке тұрғын үйлерді жаңадан тұрғызып, баспаналар ел игілігіне берілді. Тасқыннан зардап шеккен Егінсу, Ақтоған ауылдарының да қираған үйлері жөнделіп, тұруға жарамайтындарының орнына жаңалары бой көтерді. Сонымен қатар су басқан ауылдардың инфрақұрылымы толығымен жаңартылып, су, электр желілері тарты­лып, көшелер асфальтталды. Мектеп күрделі жөндеуден өткізіліп, сыныптар жаңа заманға сай құрал — жабдықтармен жабдықталса, жаңадан 120 орындық «Нұршуақ» балабақшасы бой көтеріп, халыққа мәдени — көпшілік қызмет көрсететін мәдениет үйі, мешіт ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, ел игілігіне берілген болатын.

Мәліметпен бөлісу: