ХІІ Республикалық «Ілияс оқуы»

 Ақсу ауданы  Жансүгіров ауылында Жыр Құлагері Ілияс бабамыздың 125 жылдығына орай дәстүрлі ХІІ Республикалық «Ілияс оқуы» болып өтті. 2 күнге созылған додаға  Қазақстанның ірі облысынан 24 дарынды бала қатысып, өз өнерлерін көрсетті.  Байқау шартына сай қатысушылар дүлдүл ақынның өлеңдерінен мәнерлеп үзінді оқып, жыр құлагерінің өлеңдерін насихаттауда жаңашылдық танытты. Қызу дайындықпен келген әр бір қатысушы бас жүлде үшін сынға түсті. Осылайша, Ілияс атамыздың рухын биікке асқақтатып, ұрпақ санасын жаңғыртуда белсенді шара ұйымдастырылды.

          Аудан әкімі Есім Сейілханұлы, Ресупбликалық байқауға қатысушыларға сәттілік тілеп, ақынның өлеңдерін насихаттап, атын шығаруда әлсіздік танытпау керектігін сөз етті. «Байқаудың аты байқау. Бұл жыр құлагерінің меретойына арналған дода. Бүгін ортамызға ақынның өлеңдерін тамсана оқып, майын тамыза жеткізетін үздіктер жиналып отыр. Жүйрік шауып, оза шыққандар жеңімпаз атанады. Барлықтарыңызға тартысты байқау тілеймін» деді Е.Базарханов.

          Байқауда «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанып,  Бас жүлдені  Киелі Ақсу елінің тумасы Бегімбекұлі Әлібек  иеленді.  Жүлде қоры 500 мың тенге.

          Айта кетейік бұл мерейтойға жоспарланған шаралардың бірі болатын. І.Жансүгіров атамыздың 125 жылдық тойына орай бүгінде бірнеше жоспарлы жұмыстарға қызу дайындық жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта да ақиық ақынның құрметіне орай өткізілетін  рухты шаралардың куәсі боласыздар.

Мәліметпен бөлісу: