«World Clean Up Day» жаһандық экологиялық акция: Жетісуда 13 мың тұрғын қатысты, 500-ге жуық гектар жер тазартылып, 700 тоннадан астам қоқыс шығарылды

Бүгін Жетісу облысында «World Clean Up Day» жаһандық экологиялық акциясы аясында жалпыоблыстық сенбілік өтті. Оған өңірдің 13 мың тұрғыны, мемлекеттік органдар мен мекемелердің қызметкерлері, бизнес өкілдері, еріктілер және басқа да ниет білдірген жұртшылық қатысты, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімі баспасөз қызметі.

Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының мәліметінше, жалпыоблыстық сенбілікке 193 техника тартылып, 435 гектар аумақ тазартылды, 710 тонна тұрмыстық қалдық арнайы полигондарға шығарылды.

Бұл шара өңірде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы экологиялық бастамалардың жалғасы болды.
Жалпыоблыстық сенбілікке облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаев және қала тұрғындары белсене қатысты. Осы күні саябақтар, скверлер мен көшелер тазаланды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының «Ана мен бала» бөлімінің бас маманы Анар Қабылбаева мұндай шараларды жиі өткізу қажет деп есептейді:

– Біз үшін бұл – жай ғана сенбілік емес, балаларға табиғатты қорғаудың кішкентай істерден басталатынын көрсету. Әркім өз айналасын таза ұстаса, тұрған жеріміз де таза, өз саулығымыз да жақсы болады, — дейді ол.

Сенбілікке төрт жасар ұлы Дәрменді ерте келген талдықорғандық Рауан Мұсабеков те осындай пікірде:

– Балаларға кішкентайынан еңбектенуді, қоршаған ортаға құрметпен қарауды үйрету керек. Бүгін ұлыммен бірге қоқыс жинадық, балама бұл ойын сияқты, оған өте қызық болды, сонымен бірге пайдалы үлгі болды деп ойлаймын. Табиғатқа, туған жерге деген құрметті балалар кішкентайынан көріп өскені дұрыс, — деді.

Сенбілікке қоғам қайраткері, қаламгер Құрметбек Сансызбайұлы да ұжымымен бірге қатысты:

– Экология мәселесі ұлттың болашағы үшін маңызды. Біз жастарды табиғатқа құрметпен қарауға, өзіміз өмір сүріп отырған жер үшін жауапкершілікті сезінуге тәрбиелеуіміз керек. Мұндай акциялар қоғамды біріктіріп, дұрыс көзқарас қалыптастырады, — дейді ол.

Акция ұйымдастырушылары мен қатысушыларының айтуынша, жалпы «Таза Қазақстан» ұлттық бағдарламасы аясында өткізіліп жатқан мұндай шаралар тек айналаны таза ұстауға ғана емес, сонымен қатар болашаққа деген жауапкершілікті сезіндіруге де ықпал етеді.

Жетiсу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Дмитрий Ерофеев

Мәліметпен бөлісу: