Әр пенде тағдырдың маңдайына жазғанын көреді, һәм өлшеп берген ғұмырын сүреді. Жаратқан иеміз біреуге таудай талап, ал біреуге бармақтай бақ берсе, біреуге таусылмас байлық пен ұзақ ғұмыр береді… Ауылдың шеті дөң болса, Ерттеулі тұрған атпен тең. Ауылыңда қарт болса, Жазылып қойған хатпен тең, — деп бабаларымыз бекер айтпаған. Бұрынғының арты, бүгінгінің қарты болған абыз кеуде қарттарымыздың орны ерекше екеніне ешкімде талас келтіре алмас.
Баяғыда бір әжеміз келінімен келе жатқанда жолдың қиылысынан бір яғы ауыр келіншекке тап болыпты. Әжеміз тоқтап аяғы ауыр келіншекке жол беріп өткізіп жіберіп барып, жолын ары қарай жалғастырыпты. Сонда келіні не үшін өзінен жасы кіші адамға жол бергенін сұрағанда, әжеміз келініне байыппен балам ол келіншектің ішінде мүмкін ертең ел басқаратын бір азамат жатқан шығар деп жауабын қысқа ғана қайырған екен. Әжеміздің осы бір кішкентай ғана әрекетінен-ақ ұлтымыздың тектілігін аңғара аламыз. Ұлт болмысын айқындайтын осындай мысалдардан он шақтысын айтуға болады. Бүгінгі әңгімеміздің де арқауы болып отырған апамыз кешегі Ұлжан апаларымыздың ұлылығын, Зере әжелеріміздің тектілігін және ұлттың болмысын бойына сіңіріп, ешбір ғылым аспайтын өмірдің мектебінен өткен. Бабасының салт – дәстүрінің күзетшісі, әулеттік бірлігінің алтын қазығы, ауылдың ақылшысы, немере мен шөберенің қорғаны болған 80-нің төріне жайғасып, абыройлы әже атанған, саналы ғұмырында 10 құрсақ көтерген батыр ана, байлықпен таймас бақты жаратқан иеміз қатар берген Суықсай ауылының тұрғыны ӘУБӘКІРОВА ШӘКЕТАЙ ЫБЫРАЙЫМҚЫЗЫ жайында болмақ. Апамызды Шәкетай деп барша ауыл елі танитын көрінеді. (негізі аты — Шакарман), 1937 жылы Арасан колхозында дүниеге келген. Анамыздың әкесі Ыбырайым атамыз 1895 жылы дүниеге келіп, 1934 жылы апамыз Мәриямен қосылып үш ұл, екі қыз баланы өмірге әкелген. Үлкені — Шәкетай апамыз болса, екінші баласы марқұм Амантай ағамыз, жолдасы және ұлы Асқар келінімен Алматыда, үшінші қызы Шакура марқұм, отбасы оңтүстік Қазақстан облысында, одан кейінгі ұлдары Қазбек пен Қадірбек ағалары жанұяларымен өздерінің ата қоныстары болған Арасан ауылында тұрады. Ыбырайым атамыздың інісі яғни, Шәкетай әжеміздің кіші әкесі Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан капитан Жұмаділ Әубәкіров. Әжеміздің өмір деректерін жазғанда Жұмаділ атамызды айтпау мүмкін емес екені баршаға аян. Арасан ауылының тумасы өлкетанушы, жас қаламгер Елдос Тоқтарбай бауырымыздың, «Капитан Әубәкіров» атты кітабында Қызыл армияның капитаны «Қызыл Ту», «Қызыл жұлдыз» жоғары дәрежелі ордендерінің кавалері, №100-ші атқыштар бригадасының әскери комиссары болған — Жұмаділ Әубәкіровтың Отан қорғау жолында Великие Луки түбінде ерлікпен қаза тапқанымен қатар басқа да деректердің біразы жазылған. Ол кісінің кіндігінен қызы Рена Әубәкірова апамыз бала -шағасымен Алматы қаласында тұрады. Шәкетай анамыздың әкесі Ыбырайым 1895 жылы дүниеге келіп, 1957 жылы өмірден өткен. 1930 жылы колхоз құрылғаннан бастап, ферма меңгеруші, бригадир қызметін атқарған, анасы Мәрия колхоздың жұмысына ерте жасынан араласып, атақты сауыншы болып еңбек етіп балаларын өсіріп жеткізген. Шәкетай анамыз 13 жасынан анасымен бірге жұмысқа араласып еңбек етіпті. 1959 жылы Тоғызбай әулетінен Бекболатұлы Жаңғазымен тұрмыс құрып, 10 баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Жаңғазы атамыз 1928 жылы дүниеге келіп, зейнет жасына жеткенше Ақсу қой совхозының Баласаз ауылында ферма меңгерушісі (управляющий), қойма меңгерушісі (зав.склад) болып өзінің еңбегінің арқасында, сол кездегі Қапал ауданына танымал Жәже деген атпен беделді ақсақал болғаны жалпы жұртқа мәлім. Жаңғазы әкеміз 1995 жылы 67 жасында дүниеден озып, артында Шәкетай анамызбен 10 баласы қалды. Жаңғазы Бекболатұлы дүниеден озар алдында зейнет жасында балаларының болашағын ойлап, Ақсу қой совхозында алғаш рет жер алып, жеке шаруа қожалығын құрған. Жалпы Жанғазы атамыздың артында қалған ұрпақтарын Шәкетай апамыз өсіріп жеткізді деп айтуға толық негіз бар. Қазіргі таңда марқұм атамыз бен апамыздың өсіріп жеткізген балалары еліміздің өркендеп өсу жолында әр салада және әр өңірде қызмет етуде. Қысқаша атап өтер болсақ, Шәкетай анамыздың қазіргі таңда үлкен ұлы Тілеуғазы, келіні Ләззат Жаркент қаласында тұрады. Қолында екі ұлы, бір қызы — күйеубаласымен үш немересін өсіріп отыр. Ұлдары Нұржан мен Сержан әртүрлі жұмыстармен өз істерін дөңгелетуде. Қызы Әсел күйеубала Ринатпен Жаркент қаласында. Екінші қызы Назгүл марқұмның жолдасы мен ұлы, келіні екі немересімен Талдықорған қаласында, Назгүл мен Заманбектің ұлы Азамат жоғарғы оқу орнын бітіріп, бүгінгі таңда Алматы облысы Ауылшаруашылығы басқармасының есеп бөлімінде қызмет жасайды. Одан кейінгі қыздары Нұргүл Талдықорған қаласында қалалық балабақшада медбике қызметін атқарады, ұлы Мұрат 9-сынып оқушысы. Ұлдың екінші үлкені Сәбит марқұмның жолдасы Сәуле Суықсай ауылының «ТаңШолпан» балабақшасында аспазшы. Сәбиттің үлкен қызы Салтанат Жасұланға тұрмысқа шығып, Көшкентал ауылының келіні, екеуі де үлгілі ұстаз Ақын Сара ауылының мектебінде мұғалім, әжелеріне Алланың берген 3 жиен шөберелерін сүйгізді. Қолындағы ұлы Айдар Сарыөзек қаласында әскери бөлімінде келісім- шартпен жұмыс істейді, қызы Сымбат Орал қаласында 2-курс студенті, кіші қызы Арай Гагарин мектебінің оқушысы. Анамыздың ортаншы ұлы Мәжит, жұбайы Шолпан Жансүгіров ауылында жанұясымен тұрады. Мәжит аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы, Шолпан аудандық емхана бөлімінде аға медбике. Анамыздың немересі Мадияр Арай есімді арумен тұрмыс құрып, Алланың қалауымен әжесіне екі шөберені сыйлады. Мадияр аудан орталығында жеке кәсіпкер. Одан кейінгі қыздары Үміт Астана қаласынан Қазақ Гуманитарлық Заң университетін бітіріп, өткен жылы Ернат есімді азаматқа тұрмысқа шығып, қазіргі таңда Сарыөзек ауылында тұрады. Ал, кенже қыздары Мадина Жансүгіров ауылындағы Қ.Сәтбаев мектебінің 8-сынып оқушысы. Ұлдың төртінші үлкені Уалихит келіні Мейрамгүлмен Талдықорған қаласында бір ұлмен, бір қыздың атаанасы, Уахит 1988 — 1992 совет одағы құрамында СГВ қатарында Польша мемлекетінде әскери қызметте болып, 1994 — 2017 жылдар аралығында Талдықорған қаласындағы байланыс әскери бөлімінде қызметте болып, зейнеткерлік жасқа толуына байланысты әскери зейнеткер, ұлы Мұхит әке жолымен әскери жоғары оқу орынын бітіріп, Үштөбе қаласында әскери қызметте істейді. Қызы Баян қаржы университетін бітіріп, Халық банкінде қызметте. Суықсайда кейінгі –ұлы бала-шағаларымен, Асхат пен келіні Гүлзада кәсіпкер, Суықсай ауылында шағын дүкендерін жүргізіп отыр, оған қоса тұшпара цехын ашып, елдің алғысын алуда, үлкен қыздары Айнұр Талдықорғанда ЖГУ-ды бітіріп, қалада қаржы саласы бойынша жұмыста. Ұлы Мерей мал дәрігерлік колледжінің соңғы курсында оқиды, кейінгі екі ұлы бір қызы Ерсұлтан мен Бексұлтан, Айзерелер мектеп оқушылары. Осы ауылда Талғат пен келіні Сәния совхоздан қалған ескі канторды қайта жөндеп, 300 адамға арналған тойхана жасап, елден алғыс алуда. Оған қоса шағын малдарымен шаруа қожалығын жүргізіп отыр. Үлкен қыздары Меруерт мектеп оқушысы, ұлы Нұрсұлтан Талдықорған спорт мектебінің оқушысы болса, кенже ұлдары Нұрасыл Гагарин мектебінің оқушысы. Шәкетай әженің кенже ұлы қара шаңырақ иесі Тәңірберген келіні Бақытгүл екеуі әке бастаған шаруа қожалықтарын ары қарай дамытып, Баласаз ауылында мал өсіріп, үлкен ұлдары Бекқазыны Өскемен қаласында жоғары оқу орнында оқытып жатыр, қалған төрт баласы Шәкетай әжесінің қолындағы немерелері Гүлім, Әли, Айым, Айсаналар Суықсай ауылында мектеп оқушылары. Он баланың ішіндегі ең кенжесі Әсемгүл Буденный ауылының келіні, күйеубала Асқармен Сарыөзек ауылында, Асқар әскери қызметте келісім — шартпен жұмыста Әсемгүлдің Сарыөзек ауылында шағын «Сән салонын» ашып, өз алдына жеке кәсібі бар. Апамыздың кенже қызының өзі құдайға шүкір 3 баланың анасы, Асқардың үлкен ұлы Мирас, алтындай қыздары Айжан мектеп оқушылары болса, кенже ұлдары Ілияс балабақшаның өнерлі үздігі. Апасы мен Әжесін Айжан мен Ілияс өнердегі жүлделерімен жиі — жиі қуантып отырады. Сонымен асыл әжеміздің бүгінгі таңға он баласынан 27 немересі, 10 шөбересі бар екен… «Отан отбасынан, ошақ қасынан басталады»,-деген екен бабаларымыз. Ендеше, отбасының иесі «сол үйдің ері болса, ошақ иесі – сол үйдің әйелі». Сондай-ақ, кермет үй болмайды, үйді керемет ететін әйел деген де сөз бар. Аталған әулетті осындай үлгілі әулет болуына Шәкетай апамыздың еңбегі десекте артық емес деп ойлаймын. Отбасының тұтқасы болған аналардың құдыретін еш уақытта да керемет сөзбен жеткізу мүмкін емес… Толғақты ойды түйіндер алдында сізге алдамас арман, үзілмес үміт, өкінбес өмір тілеймін, жегеніңіз жылқы мен қойдың еті, сүйгеніңіз немере шөбере, шөпшектің беті болсын, 83-ке жеткен жасыңыз құтты болып, Жаратқан жаппар иеміз сізге берген бақытын алса да, беретін бақытын алмасын. Шөберелердің қасында ғажайып бақта өмір сүріңіз,-дей келе осы бір қазыналы қарттар туралы өлең жолдарымен ойымды аяқтайын…
Қаймақ қалқып алатын қарасудан,
Жалғандықтың жұлғылар жағасынан.
Қазағымның қарттары-ай абыз кеуде,
Тектілікті күтетін баласынан.
Шежіреге келгенде кең көсіліп,
Тұлпардай сұлы беріп таң асырған.
Азу тісін көрсетпес арландар – ай,
Жаудың шетін көргенде жағы ашылған.
Ақыл — ойы ғасыр мен тең жарысқан,
Өте алған тағдыр салған дара сыннан.
Батаменен көгеріп көсегені,
Батасымен ұрпақтардың бағы ашылған.
Қазыналы қарттары қазағымның,
Ажырамай жүрсе екен жарасымнан.
Кенжебек ӘКІМБЕК.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.