
Алматы облыстық мәслихатының төрағасы, «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғожаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған бастамаларға пікір білдірді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Президент өз сөзінде Алматы облысында салынып жатқан Alatau City елдегі толық цифрланған алғашқы қалаға айналуы тиіс екенін атап өтті. Мемлекет басшысы Smart City технологияларын кеңінен енгізіп, тауарлар мен қызметтер үшін криптовалютамен төлеуге дейінгі заманауи жаңалықтарды енгізу міндетін қойды.
Қуат Байғожаевтың айтуынша, Alatau City-ге арнайы мәртебе беру туралы тапсырма – жобаға институционалдық негіз қалыптастырудың маңызды қадамы:
«Президент тапсырмасымен он күн ішінде қалаға арнайы мәртебе беріліп, Үкіметке тікелей бағынатын құқықтық негіз әзірленеді. Алты айдың ішінде басқару жүйесі мен қаржылық моделін қамтитын жеке заң қабылданбақ. Бұл артықшылық емес, жобаның қағаз жүзінде қалмауын қамтамасыз ететін қадам. Alatau City – инновация мен бизнестің жаңа орталығы болады. Шэньчжэнь тәжірибесі бар инвесторлар тартылып отыр. Қала смарт-технологиялар мен криптовалюталық төлемдерді қолданатын заманауи орталыққа айналмақ», – деді филиал төрағасы.
Депутат Жолдаудың ел болашағына бағытталған тұжырымдарына да тоқталды. Оның пікірінше, биылғы үндеу – уақыт талабынан туған тарихи бағдар:
«Президентіміз экономиканың тұрақтылығы, халықтың әл-ауқаты, шағын және орта бизнестің рөлі, өндіріс саласына бетбұрыс жайлы айтты. «Әр теңге халық игілігіне жұмсалсын» деген қағида – әділдіктің өлшемі. «Digital Qazaqstan» тұжырымдамасын әзірлеу – Қазақстанды нағыз цифрлық мемлекетке айналдыратын бетбұрыс», – деді ол.
Қуат Байғожаев әлеуметтік саясат пен әділдіктің маңызын атап өтті. Зейнетақы жүйесін жаңғырту, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру және «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы – шын мәнінде мұқтаж жандарға бағытталған нақты көмек екенін айтты.
Экология мәселесіне де тоқталып, Каспий теңізінің тартылуына қарсы мемлекетаралық бағдарлама әзірлеу тапсырмасын тарихи жауапкершілік деп бағалады. «Таза Қазақстан» жобасы аясындағы жұмыстар халықтың ел тағдырына бейжай қарамайтынын көрсетті деді ол.
«Жолдауда білім мен ғылымға да басымдық берілді. Мектеп қабырғасынан жасанды интеллектіні үйрету, инновацияны дамыту – келешекке салынған инвестиция. Жастардың патриотизмі енді жаңашылдықпен, жасампаздықпен өлшенеді», – деді мәслихат төрағасы.
Сондай-ақ Президенттің бір палаталы Парламент құру идеясын халық талқысына салуы – демократиялық даму жолындағы маңызды қадам екенін айтты.
«Жолдау – елдің даму стратегиясын айқындайтын салмақты құжат. Онда экономика, әлеуметтік әділеттілік, ғылым-білім, экология – бәрі қамтылған. Бірлігіміз бекем болса, еңселі ел боламыз», – деді Қуат Байғожаев.
