ТУҒАН ЖЕРІМ – ТАЛ БЕСІГІМ

Туған жер! Бұл кез — келген қазақ баласының жүрегіне жылы тиер сөз емес пе! Тал бесіктен жер бесікке дейін қай қазақ болмасын, өзінің туған жерін аялап, туған жерін саялап өтеді. Туған жер дегеніміз — кіндік қанымыз тамған алтын бесік. Ал, туған ел бауырың, ағайын-жұрт, қаймана қазағыңның дәл өзі. Атажұрт! Бұл сонау ұлы даланың сұлу да, көркем жерлері. Менің туған жерім осынау ұланғайыр кең даланың кішкентай ғана бір бөлігі — Қызылжар ауылы. Әркімнің өз туған жері өзіне киелі, құдыретті. Бүйен өзенін жағалай қоныстанған осы шағын ғана ауылдан талай білімді де, саналы ұрпақтар өсіп, өздерінің тағдыр жолдарымен жан-жаққа тарап кеткен. Тоқырау жылдарында қаншама қиындық көрсе де ыстық ұя, қара шаңырақтарын қия алмай қалған отбасылар ауылдың ірге тасын бұзбай қалып қойған. Міне, осы шағын ауылдың орналасқан жерінің табиғаты да аса көркем. Қызылтас шатқалы да көз көрім жерден көрініп тұр. Басында мәңгілік мұздақтары айнадай жалты- рап Жоңғар Алатауы жатыр мен мұңдалап. «Баянжүрек» тауларының қойнауында осы ауыл тұрғындарының малдары мекен еткен. Төрт — түлігін түлетіп, егістігін жайқалтып, шаруасын өрге сүйреп жүрген ауыл — қайнаған еңбектің және ұлттық руханияттың көзі іспеттес. Берекесі мен ынтымағы жарасқан ауыл тұрғындарының өз қызығы, өз мерекелері бар. Күзгі жиын — терін жұмыстарын аяқтап, жайлаудан малдары қоңды түскен, көңілдері жайланған ауыл азаматтары ауыл аймаққа қазақтың ұлттық ойыны «Көкпар» ойынын ұйымдастырды. «Көкпар» десе ішкен асын жерге қоятын қазақ үшін бұл үлкен мереке. Көкпар — жігітті ептілікке, төзімділікке, батырлыққа тәрбиелейді. Ол қайратты, мықты жігіттердің ойыны. Ауылда өткен көкпарға жан — жақтағы көрші ауылдың жастары да шақырылып, ойынға өз үлестерін қосты. Ақсақалдардың ақ батасымен басталған көкпар қасқарайғанша жалғасын тауып, көкпардан салым салғандар олжалы болып тарқасты. Шаруаның жайын ойлап күн — түн демей тынымсыз еңбекпен өмір сүретін ауыл адамдары үшін бір күндік мерекенің өзі көңіл — күйін көтеріп, еңбекке деген құлшыныстарын оятады.

Майра ҚҰДИЯРОВА,

Қызылжар ауылдық клубының қызметкері.

Мәліметпен бөлісу: