Аудан әкімінің қорытынды есебінің алдында кесте бойынша соңғы елді мекендер Қарашілік, Б.Сырттанов және Ақсу ауылдық округтеріне арнайы топпен бірге бізде сапар шектік. Алдымен Қарашілік ауылдық округінің орталығы Сағабүйен ауылындағы Рақым Тәжібаев атындағы мәдениет үйіне тоқтадық.
Күнделікті әдет бойынша жиынды аудандық мәслихат хатшысы Бейбіт Сүлейменов ашып, күн тәртібімен алғашқы сөзді ауылдық округ әкімі Ыдырыс Садуақасовқа ұсынды. Ауыл әкімі округтің даму қарқыны мен өткен жылы атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды. Былтырғы ұсыныстардың орындалу деңгейі, салынған жолдар мен ветеринария бөлімі, учаскелік пункт т.б. жұмыстармен бірге болашаққа жоспарланып отырған аурухана, тағы сол сияқты басқа да шаруалардың жоспарларын айтып, округке қарасты Тоқтаров, Қарашілік, Сағакүрес мектептері мен Саз мектебінің жетістіктерін мақтанышпен атап көрсетті. Негізгі мамандығы агроном болғандықтан және ең көп басшылықта жүрген ардагер, сақа әкім ауылшаруашылық жұмыстарының жүргізілу барысын мәнеріне келтіре әңгімеледі. Келешектегі қант қызылшасын себу жоспарын да ұмытпады.
Ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Қанатбек аға ардагерлердің ауылдағы шараларға тікелей атсалысып, ақыл айтып, басы қасында жүретіндіктерін, соның нәтижесінде ауыл жастарының үлкендерден үлгі алып, дұрыс бағытта алға жылжып келе жатқанын айтып, ақсақалдар алқасының 2017 жылғы атқарған жұмыстарына тоқталды.
«Қосбатыр» сайлау округінің депутаты Берік Тынышбаев аудандық мәслихаттың жұмыстарымен бірге «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалында тұрғындарды қабылдау күндерінің кестесін тұрғындардың естеріне сала кетті.
Аудан әкімі Әділбек Далбағаев аудан бойынша атқарылған жұмыстармен бірге осы округке қатысты жаңалықтарды жариялап, сөз бұйдасын тағы да қант зауытының жұмыс жасауы үшін қант қызылшасы алқабын көбейту керектігіне қарай бұрды. Үкіметтен алып отырған қаражат көлемін айтып, біздің үкіметке қайтарар берешегіміздің, яғни, салық мөлшерінің жоспары орындалмай жатқанын да айтып өтті. Сол үшін қант зауыты дұрыс жұмыс жасаса, салық жоспары орындалатынын да ескертіп бақты.
Көпшіліктен түскен сауалдарға жиынға қатысып отырған тиісті мамандарды тұрғызбай өзі нақты жауаптар берді.
Тыңдалған есептер бойынша көпшілік бірауыздан қанағаттанарлық деген бағасын берді.
Барлыбек Сырттанов ауылдық округінде өткен кездесуде жаңадан сайланған ауыл әкімі Байжұманов Серік Өмірзақұлы Құрметті демалысқа шыққан Майра Есімқызының салып кеткен сара жолын ары қарай жалғап келе жатқанын байқатты.
Келесі кезекте сөз алған ақсақалдар алқасының төрағасы Бәленбай Бәленбаев «Ақсақалдар дегеніміз – бұрыннан келе жатқан дәстүріміз бойынша ауылдағы барлық жағдайды ретке келтіріп отыратын, ақыл – кеңесін айтып, тәрбие беретін үлкендер тобы. Бұрын бұл дәстүрлі қазақымызда билер тобы деп аталған. Олар бір ауылды ғана емес, үлкен бір облыстық өңірді бір ауыз сөзімен жөнге салып, нұсқау беріп отырған. Енді міне дамыған заманымызда әкім бар, сот бар, дегенмен ақсақалдардың орны бір бөлек. Олардың тәрбиесі ата – ана тәрбиесімен бірдей. Осыны ескеріп, жаңадан сайланған ақсақалдар құрамы тәрбие жұмыстарын жүргізуді оңды жолға қойып отырмыз» деп бастап, ауылды көркейтуге ардагерлердің қаншалықты үлес қосып келе жатқанын айта келе Сағабүйен – Өнім тас жолы туралы ұсынысын да жасырмай айтып өтті.
Аудандық мәслихат депутаты Берік Тынышбаевтың баяндамасынын кейін аудан әкімі бұл ауылда да кеңінен көсіле сөйлеп, Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жер» бағдарламасы жайында жақсы айтып өткен. «Туыңды туған жерге тік» деп, туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Жергілікті билік «Туған жер» бағдарламасын жинақылықпен және жүйелілікпен қолға алуға тиіс. Бұл жұмысты өз бетімен жіберуге болмайды, мұқият ойластырып, халыққа дұрыс түсіндіру қажет. Туған жеріне көмек жасаған жандарды қолдап-құрметтеудің түрлі жолдарын табу керек. Бұл жерде де көп жұмыс бар – деп нақтылап айтты. Біз бірақ бұл мәселені әлдеқашан бастап кеткенбіз. Соның арқасында көптеген жұмыстар атқарылды. Әлі де атқарыла береді деп, мысал үшін Ескелді ауданынан бастап Қапал өңіріндегі 28 шақырым тасжолын ауылдан шыққан азамат қазір Астанада жолдар басқармасы комитетінің төрағасы Сайлаубек Бармақов жасап беруге уәде беріп отыр. Осы көктемнен жұмыс бас-талады. Сол сияқты Сіздер де ауылдан шыққан азаматтарды жақын тартсаңыздар ауыл экономикасы алға басатыны сөзсіз екенін айтты.
Тұрғындардан түскен ұсыныстардың бірі ауыл сыртындағы каналдарды тазалау болды. Оған да аудан әкімі қанағаттанарлық жауап қайырды. «Ислам» банкі арқылы алдағы уақытта аудандағы барлық тоғандар мен каналдарды тазалатуға қаржы бөлінетінін, оларды тазалау жұмыстары әлден тендерге түсіп, бұйырса күзде бас-талатынын айтты. Оған дейін ауылдан шыққан азамат Сейілхан өзінің эксковатор, техникаларын шығарып көктемнен бастап, тоғандарды тазалайтынын, сол кезде өздеріңіз бас көз болып, жөндеп тартқызып алуды ұсынды. Бірақ алдымен қант қызылшасы себілетін алқаптарға баратын арықтардан басталатынын да тілге тиек етті.
Үшінші кезекте арнайы топ Ақсу ауылындағы «Мамания» мектебінде округ тұрғындарымен бас қосты. Алайда ең қысқа жиын осы ауылда болды. Жаңадан сайланған әкім Нұрқуат Демесінұлының баяндамасынын кейін, аудан әкімі Әділбек Егеубекұлы есеп беріп, тұрғындардан түскен ұсыныс – тілектерге, сауалдарға толық жауап берді. Жиналған көпшілік екі әкімнің есебіне қанағаттанарлық бағаларын берді.
Ербол Сымханов.