Тоқаев: «Қазақстанда бір палаталы Парламент құру бастамасын көтергім келеді»

Қасым-Жомарт Тоқаев ел алдында сөйлеген сөзінде еліміздің парламенттік жүйесіне қатысты маңызды бастама көтерді. Президент бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарау керегін атап өтті.
«Мен Сенатқа он жыл басшылық еттім. Бұл жұмысты қашанда зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік деп санадым. Сондықтан маған осы мінберден парламенттік реформа туралы айту оңай емес. Соған қарамастан мен дәл бүгін елімізде көп ұзамай бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтергім келеді», – деді Мемлекет басшысы.
Президент бұл қадамның ел тағдыры үшін аса маңызды екенін, сондықтан асығыстыққа жол беруге болмайтынын жеткізді.
«Бұл – өте маңызды мәселе. Оны асығыс жүзеге асыруға болмайды. Реформа азаматтық секторда, сарапшылар ортасында, сондай-ақ, қазіргі Парламенттің өз ішінде жан-жақты талқылануы қажет. Оның мән-маңызы айрықша болғандықтан, талқылауға бір жыл уақыт керек деп ойлаймын», – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы талқылаудан кейін, 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізіп, Конституцияға тиісті өзгерістер енгізуге болатынын айтты.
«Мен мемлекеттің тағдырын айқындайтын барлық мәселе халықтың келісімімен ғана шешіледі деп бұған дейін бірнеше рет айттым. Егер бір палаталы Парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай Парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деп санаймын», – деп түйіндеді Президент.
Бұл бастама саяси жүйені жетілдіру жолындағы маңызды кезең ретінде бағалануда.
«Жетісу-Ақпарат»







Мәліметпен бөлісу: