Өткенді саралау – келешекті жаңалау

Жыл сайынғы дәстүр бойынша аудан әкімі Әділбек Далбағаев аудан халқы алдында 2017 жылғы атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп келеді. Бұл жолғы есепті кездесудің өткен жылдармен салыстырғанда бір ерекшелігі аудан әкімімен бірге ауылдық округ әкімі өз ауылының әлеуметтік – экономикалық өсуі туралы баяндама жасаса, олармен бірге ауылдық ақсақалдар алқасының төрағалары мен халық қалаулылары, билік пен халықтың ортасындағы алтын көпір аудандық мәслихат депутаттары да өткенді саралап, өздерінің сайлаушылары алдында кеңінен шешіліп сөз сөйледі. Жиынды аудандық мәслихат хатшысы Бейбіт Сүлейменов жүргізіп отырды. Жиынға аудандағы барлық мекеме – ұйым басшылары қатынасып, ауыл тұрғындарынан түскен сауалдарға әркім өз салалары бойынша жауаптар берді. Біздің де бұл халықпен кездесуге баруымыздың мақсаты аудан әкімінің газетке шыққан есебін көшіріп өз атымыздан беру емес, сол барған ауылдарымыздан өткен жылы түскен ұсыныс – пікірлердің қаншалықты деңгейде орындалғанын көріп, жеткен жетістіктерін мақтанышпен айтып, кемшіліктері болса уақытында түзетулері үшін «жаман айтпай жақсы жоқ» дегендей ол жағын да қағаз бетіне түсіріп, оқырманға жариялау.

 

 

Өткен аптаның ортасында арнайы топ тағы да ауылдарға шығуға дайындалып жатты. Бұл жолғы бағыт Қарасу, Есеболатов және Жансүгіров ауылдық округтері тұрғындарымен жүздесу еді. Ұлы Жібек жолымен шоқырақтап келе жатқан біз мінген темір тұлпар Қарасу ауылдық округіне қарай бұрылғаннан кейін мәреге жақындаған сәйгүліктей құлашын керіп, кеңінен көсіле шапты. Оның да нақты себебі бар. Өйткені, ол жақтың жолы өткен жылы «Туыңды туған жеріңе тік» акциясы аясында ауылдан шыққан азамат Нұрлан ағамыздың көмегімен ауыл жолы күрделі жөндеуден өткен, тегіс екенін байқатып тұр. Бұл да ауылдың бір жетістігі екен деп қойын дәптеріме түртіп қойдым.

Кеңжыра орта мектебінің бір кең сыныбында ауыл тұрғындары жиналып, бізді күтіп отыр екен. Барған бетте жиналыс басталып кетті.

Алдымен ауыл әкімі Тәңірберген Арғынбаев баяндама жасап, ауылдың жетістіктерін жіпке тізгендей баяндап берді. Келесі кезекте сөз алған ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Тоқтарбек Қапашев ауыл ардагерлерінің әкімшілікпен, мектеппен тығыз байланыста, бірлесе жұмыс жасайтындықтарын айтып, жастарға үлгі өнеге көрсетіп, болашаққа түзу жол сілтеп келе жатқандықтарын тілге тиек етті. Аудандық мәслихат депутаты Ғабит Мұсабаланов депутаттардың міндетін айта келе өзі сайланған «Діңгек сайлау округінің» шешілген, болашақта шешілетін мәселелері жайында тоқталып өтті. Соңында аудан әкімі Әділбек Егеубекұлы жұртшылық алдында ауданда атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.

Баяндама аяқталғаннан кейін ауыл ақсақалы Т.Қапашев, Тарас ауылынан зейнеткер Нұрланбек Байысов, ұстаз Амангелді Дәулетбаев, мектеп директоры Салтанат Қуатбековалар жарыс сөзге шығып, өз ұсыныстарын айтып, ауыл әкімі мен аудан әкімінің есебіне «қанағаттанарлық» бағаларын берді.

Дәл осындай жиын Есеболатов ауылдық округінде де жалғасып, мұнда ауыл әкімі Жанай Ерғалиев өзі сайланғаннан бері ауылда атқарылған жұмыстарды тәптіштеп айтып шықты. Ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Шормақ Тойлыбаев, депутат Ғабит Мұсабаланов, аудан әкімі Әділбек Далбағаев атқарылған жұмыстар туралы толықтай есеп берді. Бұл ауылда да ешқандай нақты ұсыныстар болған жоқ. Ауыл ардагері Жақан Қалықбаев тыңдалған есептерге «қанағаттанарлық» бағасын берді.

Үшінші кезекте Жансүгіров ауылдық округі «Ақын Сара» жастар мәдени орталығына ат басын келіп тіредік. Округ әкімі Болат Шәріповтың аудан орталығының даму барысы туралы, алдағы уақытта жасалатын жұмыстар туралы есебі тыңдалып, мәслихат депутаты, депутаттық фракция жетекшісі Дәулетбекова Күләйхан Тұрсынбекқызы аудандық мәслихат депутаттарының жұмыстары туралы айта келе, 2017 жылы ауыл тұрғындарымен, сайлаушылармен  Елбасының Жолдауын, партияның Сайлауалды Бағдарламасын, Саяси доктринасын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы Бағдарламасын және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын түсіндіру, насихаттау мақсатында  80-нен астам  кездесу өткізілді.

Партияның «Ардагерлерді ардақтайық!» жобасы бойынша аудандық ардагерлер алқасымен бірлесе ауданда тұратын ҰОС –ның, тыл еңбеккерлерінің, жалғыз бас-ты қарттардың тұрмыс жағдайы зерделенді, әр түрлі деңгейдегі қайырымдылық акциялары өткізілді, «Бақытты отбасы — бақытты балалық шақ» жобасы аясында  көпбалалы отбасыларына көмектер, «Кедергісіз келешек» жобасы  бойынша мекемелердегі салынған инфрақұрымдар пандустардың сапасы тексерілді және мүмкіндігі шектеулі жандардың қолөнер бұйымдары сатылды, «Сәтті қадам» жобасы бойынша барлық мектептерде «Нұр Арман» жобасы түсіндіріліп әрбір мектеп бітірушілерді қадағалап отырмыз,  «Ауыл тұрғындарын  жұмыспен қамту» жобасы аясында аудандық жұмыспен қамту орталығымен бірлескен акциялар, тақырыптық қабылдаулар өткізілді. «Жастар Отанға» жобасы бойынша аудан жастарының қатысуымен шаралар, кездесулер, бағдарламаларды түсіндіру өткізілсе, «Сыбайлас жемқорлық жоқ ел — өркендеуші ел»  жобасы бойынша карикатура байқаулары, аудандық газетте мемлекеттік мекеме басшыларының  табысы туралы ақпарат жарияланды — деді. Мәслихат депутаттарымен бірге өткізілген басқа да шараларға тоқтала отырып, аудандық мәслихат депутаттары атқарушы органдармен бірлесе отырып, ауданның әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу арқылы халықтың әл-ауқатын жақсартуға, сайлаушылардың талап-тілектері мен ұсыныс-пікірлерінің орындалуы үшін қызмет ететін болады – деп сөзін қорытындылады.

Аудан әкімі Әділбек Далбағаев аудан бойынша іске асқан мәселелерді айта келе, соның ішінде аудан орталығы бойынша кеңінен көсіле сөз сөйледі. Болашақтағы қант зауытының күрделі жөндеуі, бұйырса қыркүйек айының 25-не қайтадан жаңа технологиялармен жабдықталған, жаңа форматтағы зауыт іске қосылса, орталықтағы бос тұрған 5 қабатты үйлер жөнделіп, мүмкін зауыт арқылы орталықтан жылыту берілетіні, ауыл сыртынан 60 гектар жерге өзінің мектебі, балабақшасы, т.б. бар шағын аудан бой көтеретіні туралы, жолдардың жөнделетіні жайлы айтып жиналған көпшілікті бір қуантып тастады. Ол дегеніміз аудан экономикасының біртіндеп алға жылжып келе жатқанының нақты көрсеткіші болмақ.

Жансүгіров ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сайлаубек Алдабергеновтың сөзін арнайы соңына алып қалып отырмын. Себебі, Сайлаубек атаның саралы сөздері мақаламды қорытындылауға таптырмайтын деректер еді. Негізі өз кезегінде сөз алған Сайлаубек ақсақал ардагерлердің міндеті қандай екенін, абыройы қандай екенін шынымен байқатты. «Өткенді саралау, келешекті жаңалау» деген ақсақал – бәрі де болашаққа жоспар құрудан басталады. Болашақ  үміт кемесімен жететін шексіз арал. Біз өткеннен тәрбие ала отырып, алдағы уақытты ойлап, мақсат қоюымыз керек. Ал, оның нәтижелілігі өзіміздің мүмкіншілігімізге, талпынысымызға, жасаған еңбегімізге байланыс-ты. Сондықтан ауыл азаматтары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлесе жұмыс атқарса мақсатқа сонда ғана жете аламыз. Ізгі және қажетті жұмыс істеген адам – басқа адамнан биік, жоғары тұрады. Ер елімен бірге жасайды, Елі барда ер елеусіз қалмайды. Адамның артында қалатын өшпес ізі – ол жасаған ісі, адал еңбегі, азаматтығы мен жақсылығы. Қаншама уақыт өтсе де бұл қасиетті істерді әділ бағалайтын уақыт пен халық – деп аудан әкімі мен ауыл әкімінің жұмыстарына өз бағасын берді. Сөз соңын «Есеп беру – сырласу халықпенен, есеп беру – тілдесу тарихпенен» – деп бастап, «Елестету тағы да келешекті, таразылап бергенді, берешекті. Ең абзалы, керегі сол емес пе?! Шын жүректен сезінсе ел есепті» деп қорытындылап, аталық батасымен аяқтады.

Иә, жиналған көпшілік аудан бойынша, аудан орталығы бойынша талай игілікті істер атқарылып жатқанын өз құлақтарымен естіп, шын жүректерімен сезініп қайтты десем артық емес.

 

Ербол Сымханов.

Мәліметпен бөлісу: