Тіршілік ен туыстықтың жалғасып жатқан символы

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ұлттың өткенің түгендеп, жадысын жаңғыртып, барын бағалауға, ұмытылған дүниелерді қайтадан ұлықтауға темірқазақ ұстаным болып тұр. Республика көлемінде қаншама рухани-танымдық жұмыстар атқарылып жатқанына көпшілік қауым, қазақ қоғамы қуанышты. Осындай игі іс-шараның бірі Арасан ауылдық округіндағы «Қызылжар» ауылындағы саябақ.

1995 жылы Ұлы Жеңістің 50 жылдығына орай осы ауылдан Ұлы Отан соғысына кетіп, қайтпай қалған жауынгерлердің есімдерін жас ұрпақтың есінде қалдыру мақсатында

ескерткіш тас орнатып саябақ жасау қолға алынған бола­тын. Қиыншылығы мен қымбатшылығы астасқан сол бір уақытта қанша күш салғанымен Қызылжарлықтар саябақты 1996 жылы орнатып үлгерді.

Саябақ жұмысына бастамашы болған 1995жылы жеке ұжымшар болып бөлініп шыққан «Қызылжар» ауылының бас­шысы Бураханов Балғынбек аға еді. Балғынбек аға алақандай ауылдан майданға кетіп, қайтпай қалған жауынгерлердің тізімін анықтап, дәйектеп, тынымсыз еңбектеніп жинаған бо­латын. Тізімді қарап отырып жаның шошиды.

Соғыс! Ел мен жерді, болашақ ұрпақты неміс басқыншыларынан сақтау үшін, сол бір сұрапыл қырғынға үркердей ауылдан 95 жанұяның боздағы, тоқсан бес ананың көзінің ағы мен қарасы аттанған екен. Осы тоқсан бестен алпыстан аса азамат қайтпай қалған. Нақтырағы 65 жауын­гер толарсақтан саз кешіп, тобығынан қан кеше жүріп, сол соғыста шәйіт болыпты.

Осы жерлес ағаларының яғни, жауынгерлердің тізімін әппақ мәрмәр тасқа алтын әріптермен қашатып жаздырып әкелген осы ауылдың тумасы Сағындық Әуесбек аға болды. Кезінде заң саласында көп жыл жұмыс істеген, парасатты азамат Әуесбек аға тастың барлық қиылуы, жазуы, орнатылуын өз қаражатына жасатты.

Қызылжарлықтар тас орнатылғаннан кейін ескерткіш аумағын қоршап, тал-қайың егіп, бұл жерді саябаққа айналдырған болатын. Саябаққа ауыл азаматы, озат механизатор, еңбек ардагері Тезекбаев Қанаттың аты берілді.

Сол уақыттан бері ағаштар зорайып, қоршауы тозған саябақты, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында Қанат ағаның үлкен ұлы Тезекбаев Алтай бастап, кішілері қостап, ауыл тұрғындары көмектесіп, саябақтың ағаштарын қиып, әктеп, сырлап, қоршауын түгелдей жаңартып игілікті іс атқарды. Осылайша «Арасан» ауылдық округінде тағы бір серпіліс, тағы бір ескерткіш жаңаланды.

Бұл шара Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза болған, жат жерден топырақ бұйырған жауынгер ағаларымыздың рухы үшін жасалған мыңдаған міндеттің біреуі ғана. Бұл ескерткіш тас біздің ұрпақтарымызға ізгілікті, адамгершілікті, батырлық пен ұлы ерлікті паш етіп тұратын өшпес белгі. Сол батырларымыздың ел көкейінен өшпейтін, есінен кетпейтін ұзақ ғұмыры. Бұл — бірліктің, тіршілік пен туыстықтың жалғасып жатқан символы. Ерлікпен қаза болған қаһармандарымыздың есімдері мәңгі жасай берсін.

Майра ҚҰДИЯРОВА,

Қызылжар ауылдық клубының меңгерушісі.

Мәліметпен бөлісу: