Ана тілім – ардақтым,
Ана тілің – арың бұл.
Ұятың боп тұр бетте,
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте!
Қ.МЫРЗАЛИЕВ.
Күллі әлемдегі ең қарапайым, бірақ ұлы әрі ғажайып құбылыс – адам баласының сөйлеу құралы, оның тілі. Бұл бағымызға қарай Алла дарытқан қабілет адамзатқа біткеннен күні бүгінге дейін адамзат айнасына, өмірдің ұлы қаруына айналды. Оның астарында әрбір халықтың тарих сарының ізі, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық даналық қайнары, рухы, мұрасы мен өнегесінің қыры мен сыры жатыр. Демек, адамның, тіпті, тұтас халықтың сыр – сипатын, рухани әлемін тілі айқындайды. Соның өзінде бұл құбылыстың негізгі маңыздылығы адаммен адамды байланыстыруында, жүрекке жылы, көңілге жағымды және ғибрат мәнді сөз арқылы сезіммен үйлестіріп, араларындағы адал құрметтің артуына әсер етуінде. Яғни, байқап қарасақ, адамның бойына сіңірілген қабілеттер әрқашанда адамға жақсылық жасау, тек ғибратты әсер ету мақсатында жұмсалу қажет. Сонымен тілді адамзат өмірінің іргетасы десек те, әбестік болмас. Сол үшін де: «Тілдің қастерлігі – біздің ғұмырымыздың, келешек тағдырымыздың жарқын мысалы», — деген әрбір көзі ашық азаматтың көкейінде болуға тиіс.
Әр ұлт өзіндік тілімен, халқымен үндес мәдениетімен туған тарихымен, төл әдебиетімен және тағы басқа саф алтындай құндылықтарымен ерекше. Осындай байлықтардың айбыны сол халықтың айдыны деп те айтуға болады. Осыларды біріктіріп, біртұтас етіп бүгінгі таңға дейін сақтап келген ұлы құбылыс – ана тілі. Менің ұлтым болса – күннен күнге гүлденіп бара жатқан қазақ ұлты, біздің ана тіліміз қазақ тілі. Егер, Қазақстан «Мәңгілік Ел» деген мұратына қол жеткізгісі келсе, өз тілін, салтын өмір бойы сақтауы керек. Себебі, тіл жай сөз емес, өмірдің талай сынынан өткен, өскелең талаптарға сәйкес өрістей түскен толыққанды ақиқат десек, жаңыла қоймаспыз. Тілсіз қоғамның қандай түрі болса да өмір сүре алмақшы емес, ол тілдің өзі қоғам бар жерде ғана пайда болып өмір сүреді. Сол себептен де, қазақтың пәк абыройын,жігерін, қандай ел екенін бүкіл дүниежүзіне жария етейін десек, қазақ тілімізді құрметтеп, сол арқылы алға жылжуымыз жөн. Жалпы қазақ тілі – өте бай тілдердің бірі. Мыңдаған әдеби шығармаларымыз, жыр – өлеңдеріміз бар. Біз үшін, ана тіліміз халықтың өткені, бүгінгісі, болашағы. Тіл жойылса, ұлт жойылады. Сондықтан да халықтың тәуелсіздігінің ең басты белгісі – оның ана тілі, ұлттық мәдениеті. Тіл – атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра, еліміздің бүкіл тарихы, іргетасы да. «Ұлттың қуанышы тілінде»,-деген мақалды бекер айтпаған шығар…
Бүгінгі қазақ тілінің тағдыр мен болашағы Елбасын аз толғандырып жүрген жоқ. Сондықтан да болар Елбасының «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», «Ана тілі – бәріміздің анамыз, өйткені, ол – ұлтымыздың анасы»,-деген сөзі бар. Ал, кейінгі 2005 жылғы Жолдауында айтылған «Біз барша қазақстандықтарды біріктіруші басшы факторлардың бірі – еліміздің мемлекеттік тілін, барлық қазақтардың ана тілін одан әрі дамытуға бар күш – жігерімізді жұмсауымыз керек»,-деген уәжінде қазақ тілінің Қазақстан халықтарының басын біріктіруші ұйытқы болуын көздеп отыр және де осы жылғы «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыру үшін, тілімізді толық меңгеріп, еліміз күн сайын барлық бағытта кемелденуде.
Қазіргі уақытта әлі де болса тіл халық санасына толығымен сіңбеген. Бұндайға жол жоқ! Сондықтан біз, жас ұрпақ, оның қарқынды дамуына елдің сана – сезіміне махаббатпен сіңуіне аянбай өз үлесімізді қосуға тиіспіз. Ол – мәңгілік парыз.
Халық тәуелсіздігінің ең басты белгісі — оның ана тілі, ұлттық мәдениеті. Өзінің ана тілі, ұлттық мәдениеті жоқ ел өз алдына мемлекет болып өмір сүре алмайды. Дүниедегі барлық халық тәуелсіздікке ұлттық қадір-қасиетін, мәдениетін, ана тілін сақтап қалу үшін ұмтылады. Сондықтан кез — келген мемлекет өзінің аумақтық салт-дәстүрін, ана тілін ерекше қорғайды. Ана тілін дамыту, қорғау дегеніміз – өз ана тілінде таза сөйлеу және оны жақсы біліп, туған анадай сүю.
Сүйемін туған тілді – анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.
Шыр етіп жерге түскен минутымнан,
Құлағыма сіңірген таныс үнін, — деп С.Торайғыров ағамыз жырлап өткен. Ана тілінің күші мен құдіретін туған халқымыз әуелден- ақ бағдарлап, сөз өнерін бар өнердің басы деп санаған. Мысалы: «Өнер алды – қызыл тіл”, «Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады”, «Тоқсан ауыз сөздің, тобықтай түйіні бар” сөздері халқымыздың орынды сөзге қандай мән бергенін көрсетеді. Абайдың даналығына, Махамбеттің батылдығына, Бұқардың ақылгөйлігі мен халқына деген жанашырлығына, Абылайдың данышпандығына, Бөгенбай мен Қабанбайдың ерліктеріне сүйсініп, рухани өмірімізге азық етеміз. Тіл – қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады.
Тіл байлығы — әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Демек, әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның орынсыз шұбарлануының қандайына болса, да қарсы тұруы тиіс.
Ана тілі – ең басты байлығымыз. Менің тілім — ең ұлы мен тамаша тіл. «Ана тілі — халық боп жасағаннан бері жан дүниеміздің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі,»-деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай елін, жерін сүйген әрбір азаматтың көкірегінде ана тіліне деген сүйіспеншілігінің мақтаныш сезімі болуы керек. Тіл — ұлттың жаны. Ал ұлттың болашағы — оның ана тілі. Тіл — халықпен бірге өмір сүріп дамиды, әр ұлттың тілі — оның бақыты мен тірегі. Ана тілін жақсы білмейінше, сауатты сөйлеп, сауатты жазып, тіл байлығын мол қолданбайынша, шын мәніндегі мәдениетті адам бола алмайсың.
Тіл тағдыры — ел тағдыры екенін еш уақытта ұмытпайық. Әрбір адам өз ана тілін білуі және мемлекеттік тілін меңгеруі тиіс.
Мен ана тіліммен мақтанамын және шексіз құрметтеймін!
Ләззат ҚАЛМҰХАМБЕТҚЫЗЫ,
ЖШС аудандық «Ақсу өңірі» газетінің директор –
бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.