Кеңестік биліктің тіл саясаты кеше отарлық езгіде болған, әрі өз елінде азшылыққа айналған қазақ халқын зор қиыншылықтарға жетеледі. Қазақ тілі соның зардабын жетпіс жылдай көрді, көп нәрсеге көнді. Тәуелсіздік үшін күрес ол елдің ең ұлы қаруы, ең асыл құндылығы – тілі үшін де жүргізілген күрес. Тәуелсіздіктің таңы атқалы мемлекеттік тіліміздің қолдану аясы кеңейе түсті. Көк туымыздың астына тілі мен түбі бір қазақ жиыстық.
Тіл туралы жазу, ол туралы айтудан қашпау да, жалықпау да керек. Себебі тіл бүкіл бір халықтың жүрегі. Оның бойында ұлттық болмыс, ұлттық рух, дәстүр мен салт жатыр. Сондықтан әр халық өз тілімен мақтанып қана қоймай, оны дамытып, жұмыс жасауы керек. Себебі, қазір әлемде жойылып кетуі мүмкін, тіптен жоғалған тілдер қатары бар. Бұл тілдер қолданыстан қалып,. өмір сүруін тоқтатқандар. Ал, тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады. Кейбір отарда болған елдердің де тілдері сол держава тіліне бағынып, өз өмір сүру салтын жоғалтады. Ал қазақ тілі бодандықтың құрсауынан халықпен бірге шығып, бүгінде қарыштап тіуелсіздікпен бірге дамып келеді.
Тіл – ең ұлы қару. Тіл – ең асыл құндылық. Тіл – ең керемет қатынас құралы. Әлемдегі ең көп таралған тіл – ағылшын тілі. Себебі оның таралу және қолдану аймағы кең. Ал ең сұлу тіл деп француз тілін атайды. Тәуелсіздік арқасында осы қатарға өзіміздің қазақ тілін де қосуға болады. Неге? Қазақ тілі әлемдегі ең бай тіл емес пе?
Абайға дейін жыраулар, батырлар мен хандар, шешендер осы ана тіліміз арқылы дау шешіп, соғыстың бетін қайтарған. Абайдан кейінгі қазақ тілінің ерекше қолданысқа түсуі, оның қазақ поэзиясын халық ішіне идіріп әкелуі. Әрине, Абайға дейін де поэзия болды, зар заман жырлары мен дастандары әлі күнге дейін қазақ халқының тарихының қиын беттерін жеткізеді. Ал, Абай тілінде сұлулық пен тілдің байлығы ерекше үндесіп жатыр.
Тіл өлсе, ұлттың да өмір сүруі мүмкін емес. Сондықтан сіз қай ұлттың өкілі болмаңыз, тіл үшін күресуге міндеттісіз. Сол тілде сөйлейтін соңғы адам болсаңыз да, тіліңіз жайында аманат қалдыруға, мұра қалдыруға тырысуыңыз керек.
«Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгілігінің мәңгілік мәселесі. Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады» деп Ғ.Мүсірепов айтқандай елдің болашағын, тілдің болашағын сақтау баршаның міндеті. Тілге құрмет – елге құрмет. Тілді өркендету – баршаның ісі.
С.СҰЛТАНОВА,
аудандық сотының бас маманы, сот отырысының хатшысы.