Теміржолдың томирисі

Мақаланы бастамас бұрын алдымен тақырыпты ашып алайын. Жуырда жерлесіміз, алғаш Тәуелсіздік алған қиын кездерде ауданымызды басқарған Қалимолда Байболов ағамыздың 70 жылдығына орай Талғар қаласында ұйымдастырылған облыстық турнирге барып қайтқанбыз.

Орал Сердалықызы апамыз бен Айнакез Сатыбалдықызы және мен Есеболатов ауылдық округінің әкімі Берік Тұрсынбайұлының көлігімен жолға шықтық. Жол қысқарсын деп біраз әңгімелер айтып отырып, сөз арасында Айнакез Сатыбалдықызы біздің газеттің бұрынғы редакторы Дүйсен Мұхаметшарұлы «Теміржолдың Томирисі» деген тақырыпта мақала жазамын деп еді,– деп айтып қалды. Сол күні Айнакез Сатыбалдықызының туған күні болатын. Жол — жөнекей Матайда алғаш әкім болған кездердегі қиындықтар мен қызықтар туралы да біраз сыр шертті. Ертеңінде турнирге Дүйсен ағамыз да келді. Дүйсен ағадан мақаланы мен жазайын деп сұрап алдым. Тақырып ұнады ма деген ұстазымыз, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Дүйсен Мұхаметшарұлы рұқсатын берді. Алдымен Томиристі ашып алайын. Тұмар (Томирис) ханша (ж.ж.с.д. 570520) – күнгей түркі сақ халықтарының байырғы заманда ел билеген атақты әйел патшаларының бірі. Грек жазбаларында оның елін «массагет» деп атайды. Тұмар ханша есімінің тарихқа еніп, әлемге танылуы Ахемен әулетінен шыққан, «төрт құбыланың тұтас билеушісі» атанған парсының әйгілі патшасы Кирдің (ж.ж.с.д. 558 – 530) Орта Азияға басқыншылық жорықпен келген, «жеңілуді білмейді» деп дәріптелген әскерін ашық шайқаста тас — талқанын шығарып жеңуімен тікелей байланысты. Енді Матай темір жол станцасын, Матай ауылдық округін ең қиын кезде басқарған Айнакез Сатыбалдықызынан осы «Томиристің» батырлығын, ерлігін, ел басқару шеберлігін, сұлулығын іздейік. Ол кезде түрлі – түрлі алып қашпа әңгімелер арқылы Матайға анау – мынау адамдар бара алмайтын. Ол жерде ылғи бұзықтар тұрады. Жігіттері қиын деп талай адам қорқатын. Айнакез әкім сол ауылдың тумасы болғандықтан ондай қиындықтарды өз қолына алды. Ауылға жәрмеңке ұйымдастырып сырттан Сарқаннан, Талдықорғаннан саудагерлерді шақырды. Олар басында қорқып, Матайға барудан бас тартқанымен Айнакез сендерге мен «крыша» боламын. Ешкімге тиіскізбеймін деп оларды көндіріп, ауылына алып келді. Сол саудагерлер кейіннен үйреніп алып, әр сенбі сайын өздері дайындалып келетін болыпты. Ол дәстүр әлі де жалғасқан. Енді 8 наурыз — Халықаралық Әйелдер күні мерекесі қарсаңында осы мақаламды ару әкім Айнакез Сатыбалдықызы жайында біраз сыр ақтарайын. Ақмолданова Айнакез Сатыбалдықызы 17.01.1959 жылы Матай станциясындағы теміржолшылар әулетінде дүниеге келген. Атасы Айтмолда 1930 жылдары негізін қаласқан Түрсіб теміржолына қарасты Пч — 13 мекемесінде 1975 жылы алғашқы еңбек жолын бастаған. Сол мекемеде әкесі Сатыбалды мен анасы Мейізханда зейнеткерлікке дейін қызмет істеген. Айнакез тате 1980 жылы Қаскелең қаласындағы педагогикалық училищені бітіріп келіп, Матайдағы теміржол балабақшасында тәрбиеші болып, 7 — 8 жыл еңбек еткеннен кейін 1986 жылы жаңадан ашылған 280 орындық  үлкен балалар комбинатына меңгеруші болып тағайындалады. Сол жылдары І.Жансүгіров атындағы педагогикалық институтының мектепке дейінгі педагогика – психология факультетіне түсіп, сырттай жоғары білім алады. Меңгеруші болып 9 жыл қызмет атқарады. Осы кезде Алматы теміржолына қарасты, станция болса да орналасқан жері Бөрлітөбе ауданына жататындықтан ауданға келетін Республиканың, облыстың, теміржолдың қонақтарын қатысы жоқ болса да міңдетті түрде алдымен Матайдағы балабақшаны көрсетуге әкелетін. Теміржол бойынша өтетін семинарларды өткізіп тәжірибе бөліскеннің арқасында Айнакез «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» атты медальмен марапатталған. 1996 жылдың аяғында жоғары жақтан теміржолдың білім беру мекемелерін жергілікті бюджетке өткізу жайында бұйрық шыққанда, үлкен балабақшаны қабылдап алуға шамасы келмейтін аудан басшысы Біржан Қанатбекұлы Ерденов: «Балабақшаңды өзің бірдеңе қыларсың, оданда сол Матай поселкесі-не әкім боларсың»,-деген ұсынысты қабылдамауға шарасы жоқ болғандықтан келіседі.  Бұл 1997 жылдың 14 – ші ақпаны еді, 1 айдан кейін Бөрлітөбе ауданының өзі жабылып, Матай станциясы Ақсу ауданының қарамағына өтеді. Аудан орталығы Жансүгіров поселкесінде дүйсенбі сайын болатын аудан әкімі жиналысына бару үшін, демалыс күні таңертең Үштөбе станциясына поездбен келіп, таксимен Талдықорған қаласына, келесі таксимен Жансүгірге келіп қонып, дүйсенбі күні жұмыстың аяғында қайтадан таксимен Талдықорған қаласына, одан кейін Үштөбенің вокзалында поезд күтіп отырып, үйіне жеткенше сағат түнгі 2 — 3 болатын. Ол кездегі бір айлық жалақы 5000 мың теңгені құраған. Кейін Сарқан – Матай бағытымен Үлгілі – Қызылтаң ауылдары арқылы жүретін автобуспен қатынайтын. Одан кейін қызметтік көлік бергенімен шопыры да жанар майыда қарастырылмаған көлікпен жүру үшін  өз бетімен көлік жүргізуді үйренуге тура келді. Бұл айтқандар – әкім болғанынан кейінгі алғашқы қиындықтар ғана. Ең үлкен қиындық – темір жолға қарасты аурухананың біржолға жабылуы, ең үлкен теміржол мекемесі – локомотив депосының Ақтоғай станциясына көшірілуі, балабақшаның мүлдем жабылуы, кітапхананың өзі ешкандай ауданға өтпей кітаптарын көшіріп жүріп күзеткендері және теміржолдың балансындағы керемет мәдениет үйінің біржолата жабылуы еді. Оның  ішінде қол жеткен жетістігі  – Астанаға теміржол басшыларына барып жүріп локомотив депосын алып қалғандығы. Тағы бір қиындық – балабақшаның жекеменшікке өтіп, оның иесі инвентарь «сіздікі емес» кейін керек болады дегенге көнбей талан-таражға салып қана қоймай, ғимаратты бұзып Алматы қаласына тасып бара жатқан жерінен орта жолдан қайтарған еді. Нәтижесінде көп жылғы талас — тартыстың арқасында, сол балабақша қайтадан Ақсу ауданының білім бөліміне қарасты балабақша болып қалпына келтірілді. Тағы бір қиындық бұрынғы теміржол құзырындағы ауыз су жүйесі тозығына жеткендіктен, жаздың аптап ыстығында +40 — 45 градуста қызатын құмы бар жерде ауыз су тапшы еді. Ол мәселеде мемлекет есебінен қалпына келтірілді. Жаңа аурухана ғимараты салынды, кітапхана қалпына  келіп, штат бірлігі берілді. Еңбегі еленіп көп қиындықтарды жеңе білгендіктен болар Айнакез Сатыбалдықызы Президенттің қабылдауында екі рет болды. Екі ретінде де 8 наурыз — Халықаралық Әйелдер мейрамы қарсаңында. Бір ретінде – әкім – әйел  болса, екінші ретінде облыстық әйелдер қоғамының құрамында. «Тәуелсіздікке — 10 жыл» және «Конституцияға — 10 жыл» мерекелік медальдарымен билік тарапынан марапатталса, қоғамдық ұйымдардың атынан «Мұхаммеджан Тынышбаев» қорының атынан, «Батыр шапағаты» және «Сауап» медальдарымен генерал — лейтенант Бақытжан Ертаевтың қолынан төсбелгілерге ие болды. Теміржолшылар династиясы ретінде облыс орталығы Талдықорған қаласында жылда өтетін «Мерейлі отбасы» байқауына әулетімен қатысқан. Марқұм әкесі Сатыбалдының сол жылғы соңғы мемлекеттік жүлдесі еді. Қазір Матайдағы қара шанырақта династия жұмысын жалғастырып жатқан теміржолшы болып бауыры Әділкез жанұясымен қызмет жасап келеді. Оның негізгі мақсаты — атасы Айтмолданың қара шанырағының түтінін өшірмеу. Айнакез апайдың өзінің есімі Ақсу ауданының Құрмет кітабына енген болса, 2014 жылы Талдықорған қаласына көшіп кеткеннен кейін де 2015 жылдың наурыз айында «Ақсу ауданының Құрметті азаматы» атағына ие болды. Бұл 2 — 3 айсыз 18 жыл бойы үзіліссіз Матай поселкелік округінде әкім болып істеген қиын жылдардың бағасы. Ауылдағы балабақшада меңгеруші және мемлекеттік қызметте басшы болған жылдардағы тағы бір қиындық Айнакездің жалғыз ұлы Саржанға аналық мейірімі аздау болса да, анасы Мейізханның мейірімі арқасында тәрбиелі бала болып ер жетті. Айнакез Сатыбалдықызы жақын жердегі балабақшадан үйге келмей, 1-сыныптың оқушысы өз тамағын өзі ысытып жеп, жинап отыратын. Ал, балабақшаға анасының қасына баруға рұқсат жоқ болытын. Кейін анасы әкім болған жылдарда ұлы  жоғары сыныптың оқушысы болса да анасының бір жағына қарайласып, тамағын жасап күтіп отыратын. Есесіне ол қазір де анасының ақылшысы, арқасүйері. Сондай – ақ, сол жұмыстағы қиындықтарға шыдауға қолдауын көрсетіп, көмектескендер  марқұм ата – анасымен, бауыры Әділкез.  Анасы мен баласы ғана емес, келген – кеткен қонақтардың да барлығына өз еңбектерімен өсіріп отырған жылы жұмсағымен, жеміс – жидектерін дастарханға  төгіп тастайтын. Ақмолдановтар әулеті туралы  облысымыздың журналисі  Қабдырахман Наурызбаевтың «Станция Матай – золотые пески» атты кітабында кеңірек жазылған. Ол кітаптың шығуына теміржолдың басшыларына демеушілік жасатып, тұрғындардың көмегін ұйымдастырған сол кездегі ауыл әкімі Айнакездің өзі еді. Кітаптың жазылғаны әрине автордың еңбегі еді. Тағы бір естелік «Матай – начало легенды» деген деректі фильмнің түсірілуі. Фильмнің негізінде 2003 жылы Матайға аты аңызға айналған М.Т.Калашниковтың келуі еді, ал фильмді  түсірген Оралдық азамат Мұрат Жәкібаев. Ол азамат өз еркімен мамандарды жалдап Матайға өз есебінен бір апта бойы түсірілу  жұмыстарын ұйымдастырды. Осы жұмысын М.Т.Калашниковтың 90 жылдық мерейтойының қарсаңында өзіне көрсетіп үлгергені керемет тарихи оқиға. Сол сияқты Айнакез апайымыздың өзінің жеке басына арналған «Матайдың Айнакезі» деген атпен жазылған өлен жолдарының авторы Ақсулық ақын — журналист Аманбаев Берлібек Рысбекұлының «Келбет» атты кітабында жарық көрді. Ал қазіргі үлкен ұжым «Ардагерлер хорына» Айнакез Сатыбалдықызының келуіне бір кездері ауыл әкімі ретінде қызметтес болған әріптесі Мақұлбектің арқасы. Соның арқасында өз ісінің шебері, хор жетекшілері Азат Қадырұлы  мен Дина апай, жерлестері Серғали аға мен Әлия және Өмірәлі, керемет ұйымдастырушы Оңал және тағы басқа өнерге жақын құрметке лайық, жандары нәзік сол түсініктері мен жоғары мәдениетке бай адамдармен жолыққанына өкінбейді. Ұжымның мәртебесі жоғары, мерейі үстем болғанын қалайды. 2014 жылдың қыркүйек айында Талдықорған қаласындағы білім бөліміне қарасты №13 бөбекжай – балалар бақшасына меңгеруші болып тағайындалғандықтан, қалаға көшіп келеді. Қазір құрметті демалыста.

Ербол СЫМХАНОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Мәліметпен бөлісу: