Текелі төріндегі игі шара

Табиғаты бай Текеліде жақсылықтың жалауын көтерген «TAZA Текелі» атауымен игі іс өтті. Ұйымдастырушылар рухы сергек, ниеті түзу «Tekeli jastary» атты белсенді буын. Ізгілікті бастама күллі ел көлемінде жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» экоакциясының аясындағы шара. Басты мақсат, қаланың көркін келтіруден бөлек, көңіл көкжиегін кеңейтіп, табиғатты жанмен түсіну.
Сенбілік басы Текелінің ең көрнекті тұсы «I Love Tekeli» бақылау алаңында түрілді. Жастар тобы сол маңды күл-қоқыстан арылтып, дала тынысын таза қалпында қайтаруға атсалысты. Аршынды аяқ, адал ниет, жұмылған жүрекпен іске кіріскен жасақтардың ішінде «Жасыл елдің» өрендері де белсеніп, туған топыраққа деген шынайы сүйіспеншіліктерін іспен дәлелдеді.
Сол жастардың арасында арманын арқалап жүрген Арайлым Құрмажан да бар. Талдықорған жоғары медицина колледжінің 2-курс студенті ұйым жұмысына осы айда қосылған екен.
– Жұмыс өзіме ұнайды. Қаланың тазалығы – біздің ішкі тазалығымыздың айнасы. Қоршаған ортаны күтіп ұстау – әр азаматтың парызы, – дейді ол.
Ұйым жетекшісі Айым Әбзелбаева да жастардың еңбегін ерекше бағалайтынын жеткізді.
– Қазір біздің қатарда 18 жас жұмыс істеп жүр. Арасында мектеп оқушылары да, студенттер де бар. Олар маусымдық негізде еңбек етеді. Қыркүйек туғанда әрқайсысы өз жолына түсіп, оқуларына бет бұрады, – дейді ол.
Кеш батқан шақта атқарылған іс аясында ұйымдастырушылар от жағып, ән шырқап, кең тынысты тау ауасында әдемі отырыс құрды. Сондай-ақ гитара үніне үн қосып, даланың төсінде әуен тербелді.
 
Шараның шын мәні адам жүрегіндегі селқостықты сылып тастауда. Табиғатты аялау ұрпақтың алдындағы адалдықтың өлшемі. Жер-Анаға жанашыр көзбен қарау арқылы жастар өмірдің терең мағынасын ұғуға бет бұрады. Сондықтан табиғатпен тілдесу, жерге иіліп, жанға мейір төгу ұлттың ұлы мұратына айналуы тиіс.


Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ

Мәліметпен бөлісу: